Ел экономикасына қатысты сын айтатындар көп. Десек те, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда еліміздің еңсесін тіктеп, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарғаны жасырын емес. Осы орайда еліміздің экономикалық дамуы кеше қандай болды, бүгін қандай? Ел экономикасының көтеріліп, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына әсер еткен қандай факторлар бар? Экономикамыздың бұдан ары дамып, дамыған елдердің қатарына енуіне не кедергі? Қайтсек ертеңіміз бүгінгіден артық болады? Көкейдегі сұрақтарымызды еліміздегі белгілі экономист сарапшы Олжас Құдайбергеновке қойып, мәселенің байыбына үңіліп, ел дамуы жолына көз жүгірткен едік.
– Маман ретінде елімізде экономиканың дамуын қалай бағалайсыз?
– Ел экономикасы дегенде бәрі көз алдымызда өтіп жатыр. Жылдар бойына еліміздің жағдайы сатылап көтеріліп келе жатқанын көз көріп отыр. Жылдан жылға ел экономикасының жақсарып келе жатқанын халық та байқап отыр. Қанша жерден «еліміздің экономикасы бұдан да жақсы болуы мүмкін еді» деп айтқанымызбен салыстырмалы түрде талай елден алда екенімізді мойындауымыз керек.
Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, жыл сайын мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, зейнеткерлердің жалақысы, балалардың жәрдемақысы өсіп келеді. Мұның барлығы жыл сайынғы өзгерісті, қымбатшылықты ескеріп өсіп жатқанын ескерсек, бұл тұрғыда ел Үкіметінің халық жағдайын жан-жақты ескеріп отырғанын байқаймыз.
Егер ел экономикасы шатқаяқтап тұрса мұншалықты өзгеріс те болмас еді. Сондықтан мұндай өзгерістерді, ел экономикасының көтеріліп келе жатқанын байқатады. Бірінші жартыжылдық бойынша елімізде жалпы ішкі өнім 3,2%-ға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібін алсақ, онда 8%-ға өскен. Негізі бұл нәтиже былтырғыдан аздау, бірақ 10 облыста су тасқыны болғаны да бұл көрсеткішке әсер етті.
Егерде жалпы динамикасын алсақ, шыны керек, экономика жыл сайын 10-15%-ға өсуі мүмкін. Біздің елімізде біраз шешілмеген сұрақтар бар, сосын инфрақұрылым әбден тозған. Тек осы сұрақты толық шешу үшін кемінде 5 жыл және 40 миллард доллар керек екен. Демек, осы саланы жөнге келтіру үшін сонша қаржы, сонша уақыт қажет. Яғни, мұның бәрі бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Осының бәрі әрине экономиканың өсуіне үлкен ықпал етеді. Жалпы, ел экономикасының дамуына әсер ететін факторлар көп. Экономиканың өсуі дегенде солардың барлығын есепке алу керек.
– Тәуелсіздік алған 30 шақты жыл ішінде еліміздің экономикасына серпін берген не нәрсе?
– Ең басты драйвер – әрине ол шикізат секторы, оның ішінде мұнай-газ секторы деп сеніммен айтуға боалды. Бізге инвестицияның 80%-ы сол сектор арқылы келіп жатыр. Осы жылдар ішінде ел экономикасының еңсесін көтеріп, есін жиғызуға мұнай айтарлықтай әсер етті. «Мұнайымыз бар неге ондай емес, мұндай емес жағдайымыз» деген наразылық көп естіледі. Бірақ ел экономикасына серпін берген мұнайдың үлесі екені даусыз.
– Елімізге инвестиция тарту әрекеттеріне қандай баға берер едіңіз? Ұттық па, ұтылдық па?
– Негізі ұттық, әсіресе көрші мемлекеттермен салыстырсақ ұтқанымыз анық байқалады. Бірақ, әлі де болса елімізге тартылатын инвестиция көлемін 2 есе көбейтуге болады. Егерде мемлекет жүйесінде ұзақ-мерзімді бюджеттік жоспарлау, және 3-5 жылдық келісім-шарттар мен өзара қарым қатынастарды енгізсек әлі де ұтарымыз көп болар еді.
Сырттан келетін инвестицияға қорықпай кірісе беруіміз керек. Олар жұмыс көздерін көбейтіп, ел экономикасына серпін береді. Еліміздегі өнеркәсіп орындарын, зауыттар санын арттырады. Инвестиция негізі ұзақ-мерзімді қатынастар болса ғана келеді. Осыны ескеруіміз керек.
– Еліміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағытында талай жоба жүзеге асты. Бірақ әлі күнге дейін шикізат шығаратын ел ретінде қалуымыз, бұған не себеп?
– Оның басты себебі инвестициялардың 80-90%-ы шикізат секторына келеді. Сол парадигманы ауыстыру үшін басқа секторларда қазақстандық тауарлармен қамту бағдарламасын күшейту керек. Мысалы, мемлекеттік ұйымдар тек қазастандық тауарларды сатып алу керек. Контракт жасаған кезде, кемінде 3 жыл, ал мүмкіндік болса 5 жылға созған жөн. Сонда өңдеу саласы 2-3 есе өседі. Негізі бұл бағытта мүмкіндігіміз зор.
Еліміздің географиялық орналасуы, табиғат жағдайы ауылшаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Мәселен, көптеген дамыған елдерде табиғи, еш дәріленбеген өнімдер үлкен сұранысқа ие. Тіпті, табиғи өнімнің бағасы дәріленген өнімдерге қарағанда қымбатырақ. Осы бір мүмкіндікті пайдаланып, талай елді табиғи өнімдерімізбен жарылқап тастасақ табысты елге айналар едік.
Шетелге барып келген талай адам біздегі азық-түлік өнімдерінің дәмінің ерекше екенін бірден байқайды. Бұл да болса біздің азық-түлік өнімдеріміздің сапасын арттырып сыртқа көбірек шығаруға бір мүмкіндік болар еді.
Мал шаруашылығын дамытып етті көбірек шығаруға күш салуымыз керек. Өйткені біздің малымыздың еті өте дәмді. Көп малды бағатын кең байтақ жеріміз бар. Тек ниет етіп, машақтансақ жетіп жатыр.
Мұнайдың да күні бітеді. Ал ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығы ата кәсіп ретінде ел экономикасын көтеріп, әлемдік бренд ретінде танытатын мүмкіндігі бар. Халыққа жұмыс көздері көбейіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ықпал етері сөзсіз. Сондықтан өз басым бұл бағыттағы өзгерістерді қуана құптаймын.
– Қайтсек қазақстандық өнімнің сапасын арттырамыз? Отандық өнімнен қай тауарға көңіліңіз толады?
– Көбінесе, қазақстандық бизнес сапасы жақсы тауарларды шығарады. Бірақ әлемдік деңгейде бәсекеде түсу үшін, сапаны барынша арттыру керек. Бізде оған қажетті квалификация бар болғанымен – қосымша технология, инвестиция қажет. Сол процессті тездету үшін ұзақ-мерзімді контракттар керек. Міне көрдіңіз бе, әңгіме басында айтқан сұраққа қайтып келдік.
Егер де біздің мемлекет казақстандық өңдеу бизнесіне сене бастаса, онда шетелдің инвесторларыда сенетін болады. Бірақ, сенімді сөзбен емес, нақты контрактпен көрсету керек.
Еліміздегі біраз өндірушілердің тауары көңілден шығады. Біздің еліміздегі өндірілетін тауарлар салыстырмалы түрде сапасы өте жақсы, табиғи. Сондықтан экспортқа шығарсақ оларға сұраныс та жоғары болары сөзсіз. Осы мүмкіндікті пайдалансақ жақсы болар еді.
Мәселен Ауғанстанға ұн шығардық. Жақында бір жерден оқып қалдым, ауғандықтар біздің ұнның сапасына риза екен. Негізі ұнымызды талай елге ұялмай ұсынуға болады. Түріктердің пахлавасы осы талай туристердің сүйікті асына айналып кетті ғой. Сол секілді сөк пен талқанды, жентті, құртты ұсыну жолдарын тапсақ жақсы еді.
Жұрттың бәрі тәтті өнімдерден бас тартып жатқанда құрттың жарнамасын арттырып, ұсына білсек, дәмін қатты ащы қылмай, туристерге ұсына білсек, кейін экспортқа шығаруға да мүмкіндік туар еді. Жұрттың фаст-фуды, денсаулыққа зиянды тағамына дейін халқымызды баурап алды ғой. Әйтпесе қай атамыз чикен жеп, пиццаны кешкі тағамы қылып, фримен балдарының қарнын тойғызып еді?! Бәрі сол жарнаманың арқасында қазақтың асқазаны космополиттеніп бара жатқанын аңғармай қалып отырмыз.
Сол секілді ебін тауып сыртқа шығара білсек, біздің денсаулыққа пайдалы, құрамы таза табиғи, ел көңілінен шығатын өнімдеріміз баршылық. Сол секілді Қызылорданың күріші, сарығаштың құлпынайы, Ақтөбенің тарысы, Қазалының ащы кәмпиті, Түркістанның жемісі, Жаңарқаның қымызы, Өскеменнің балы секілді талай сыртқа ұялмай көрсететін тауарымыз бар. Тек бағаламай отырмыз.
Қазір бұл саладағы көптеген мәселелер шешілді. Бірақ әлі де болса 3 нәрсе істесе болады. Біріншіден экспорттық несиелердің ставкасын түсірсе болады. Екіншіден, бюрократиялық процедуларын 2 аптаға сыйдыру керек. Әйтпесе клиент кетіп қалуы мүмкін. Сұрақтар өте тез шешілуі керек. Үшіншіден, экспорттық қолдауға жіберілетін ақша көлемін кемінде ЖІӨ-нің 1%-на дейін көбейту керек. Жалпы еліміздегі тауар өндірушілерге олар есін жинап алғанша көп жағдай жасап, қамқорлық танытуымыз керек. Сонда олар да тез аяққа тұрып кетеді.
– Көп жағдайда еліміздегі тауар құны халықты қынжылтып жатады. Бағаны тұрақтандыру үшін не істеуіміз керек?
– Егерде жемқорлық жойылса, бюрократия азайса, несиелердің ставкалары екі есе азайса, ұзақ-мерзімдік контрактілер енгізілсе, онда тауарлардың бағалары кемінде 30%-ға дейін түсер еді.
Сосын тек ұзақ-мерзімді контрактілер арқылы бағаны тұрақтандыруға болады. Ел ішіндегі бағаларға да бақылауды күшейту керек. Кейде бағаны қолдан өсіру фактілері кездесіп қалады. Мәселен, құрбан айттың қарсаңында сұранысқа бола құрбандық малдың бағасын ұшырып жіберу дұрыс емес. Мұндай ашкөздерге тыйым керек.
Сонау бір елде доллар бағасы көтеріліп кетіпті дегенді ести сала дүкен сөресіндегі затының бағасын ышқынта қоятын саудагерлердің жауапкершілігін арттыру керек. Егер қатты қадағалау болса олар олай бетімен кетпес еді.
Елімізде дәрі-дәрмектің де бағасы көп жағдайда көтеріліп тұрады. Оны көрген халық ашу ызаға беріледі. Рас, дәрі сырттан келетін шығар. Бірақ бір қаладағы екі түрлі дәріханадағы бір дәрінің бағасы ойландыруы керек. Баға тұрақты болса халықтың да көңіл күй шат болады.
Айтпақшы, зейнетақы көлемі өсті екен деп жаңа жыл кезінде бағаны күрт көтеруді де қою керек. Көтерілген жалақы мен зейнетақы, жәрдемақыны қымбатшылық «жеп қойса» онда оның көтерілгенінен пайда бар ма?! Сондықтан осындай ұсақ түйек мәселелерді шешуіміз керек. Баға тұрақтылығы халықтың көңіл күйіне әсер ететінін ұмытпауымыз керек.
– Елімізде тұтынушылардың құқығы қорғалған ба?
– Әрине. Бұл жерде біраз шара қабылданды. Қазір тағы екінші фактор пайда болды – ол әлеуметтік желілер. Клиенттер жазса, компания тез арада клиентпен хабарласып, проблемасын шешуге тырысады. Бұл жақсы үрдіс. Осындай заманауи электронды құралдардың мүмкіндігін пайдаланып тұтынушылардың құқығын қорғау жолдарын жақсарта беруіміз керек.
Бұл үрдісті баға қымбаттауына қатысты да енгізуге болады. Сонда халық бағаны жөнсіз көтеретін нүктелерді тез тиісті орындарға хабарлап отырса, қадағалау артып, баға тұрақтылығы қалыптасар еді.
Халық пен бағаны тиісті қадағалаушы органдар арасында осындай бір байланыс орнатуымыз керек. Жалпы көп жағдайда дүкендер, сауда нүктелері халықпен санаса бермейді. Егер халықтың өзінің баға тұрақтылығын қалыптасуға тырысып, ықпал етіп жатқанын көрсе олар да аяғын аңдап басар еді. Еліміздегі баға тұрақтылығының, тұтынушылар құқығының қорғалуының маңызы зор!