Экология министрі Ерлан Нысанбаев өз көлігін қыздырған сәтті видеоға түсіріп көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр Ерлан Нысанбаев даладағы ауа температурасы -17 градус екенін атап өтіп, қозғалтқыш температурасының ең төменгі көрсеткіште тұрғанын көрсетіп, тест өткізді.
Бүгінде көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін жүргізушіге айыппұл салу нормасы қоғамда қызу талқылануда.
Министр болса қыздыруға 5 минут жеткілікті екенін тәжірибе жүзінде көрсетуді жөн санапты.
Бұған дейін Нысанбаев автокөлікті қосулы күйінде бес минуттан артық қалдыруға қатысты қарастырылған айыппұл жайына тоқталды. Эколог ретінде министр бұл талапты қолдайтынын жеткізген болатын.
"Экология тұрғысынан біз автомобильдерді бес минуттан артық қыздыруға салынатын тыйымды қамтитын жол қозғалысы ережелерін сақтау өте маңызды деп санаймыз. Тіпті, суық деген солтүстік өңірлерде көлікті қыздырып, жүре беруге бес минут жеткілікті деп айта аламын", – деді Нысанбаев.
Министр өз көлігінде мұны сынап, кейін оның нәтижесімен бөлісуге уәде берді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев өңірлердің температуралық режимі мен климатын ескере отырып, қосулы көлікке қатысты норманы қайта қарауды сұраған болатын.
Ал ҚР ІІМ бұл жаңашылдық емес екенін, аталған норманың қолданысқа енгізілгеннен бері 20 жылдан астам уақыт өткенін атап өтті.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бұл ретте ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабынан бұзғаны үшін азаматтарға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде, ал қайталап бұзғаны үшін – 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылатынын еске салады.