Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековаға көлікті 5 минуттан артық жылытуға салынатын айыппұл туралы норманы өзгерту үшін қандай заңнамалық шарттар қажет екені туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев суық мезгілде көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасын қайта қарауды ұсынған болатын.
Ботагөз Жақселекованың айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) енгізілетін барлық түзетулер Әділет министрлігі басқаратын тиісті ведомствоаралық комиссияда қаралады.
“Комиссия құрамына тек мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар Парламент депутаттары, ғылыми қауымдастық өкілдері де кіреді. Себебі өзгерістерді, оның ішінде құқықбұзушылық құрамы мен санкцияларын теңгерімді түрде енгізу маңызды. Бұл жағдайда егер депутаттық сауал түскен болса, мәселе талқылауға шығарылып, қарастырылады. Қарау нәтижелері бойынша қосымша хабарланады деп ойлаймын”, – деді Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында.
Ол ведомствоаралық комиссия құрамына шамамен 10 мемлекеттік орган кіретінін атап өтті. Дегенмен, қаралатын тақырыпқа байланысты басқа да мүдделі лауазымды тұлғалардың қатысуына шектеу қойылмайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатынын хабарлаған едік. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті.
Қазақстанда тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).
Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.