Эколог Олжас Дүйсеновтің ісі бойынша жаңа мән-жайлар белгілі болды

Эколог Олжас Дүйсеновтің ісі бойынша жаңа мән-жайлар белгілі болды
Фото: instagram.com/olzhas_duysen

Эколог Олжас Дүйсеновке қатысты іс жаңа сипат алды. Бұған дейін сот Дүйсенов пен оның серіктесі Уәлихан Шажировтың қылмыстық ісін прокуратураға кері қайтарған болатын, деп хабарлайды dalanews.kz.

За нами уже выехали телеграм арнасының мәліметінше, судья тергеу барысында айыптың дұрыс тұжырымдалмағанын және Қылмыстық-процестік кодекс талаптарының бұзылғанын көрсеткен. Сондай-ақ сот айыпталушылардың кәсіпорынды нақты қалай "басып алғаны" түсініксіз екенін атап өтті. Өйткені іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші инвестор кәсіпорындағы 70 пайыздық үлесін сақтап қалған.

Алайда бұған қарамастан, Олжас Дүйсенов әлі күнге дейін қамауда отыр.

Оның адвокаты Жанна Уразбахованың айтуынша, бұлтартпау шарасы Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабының талаптарына қайшы келеді. Оның мәліметінше, Дүйсенов қамауда 16 айдан бері отыр, оның ішінде 12 айдан астам уақыт іс соттың қарауында болған.

Ал Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі адвокаттың өтінішіне берген жауабында сот талқылауы кезінде бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту, ұзарту немесе күшін жою құқығы соттың құзыретіне жататынын мәлімдеген.

Сондай-ақ ведомство сотта іс қаралып жатқан кезде қамауда ұстау мерзімі алты айдан аспауға тиіс екенін, ал ауыр қылмыстар бойынша бұл мерзім соттың шешімімен 12 айға дейін ұзартылуы мүмкін екенін еске салды.

Соған қарамастан, мекеме қазіргі таңда Олжас Дүйсеновті босатуға негіз жоқ деп есептейді. Егер қорғаушы бұл шешіммен келіспесе, оны жоғары тұрған органға шағымдана алатыны айтылған.

Өз кезегінде адвокат Жанна Уразбахова Facebook-тегі парақшасында "егер қамауда ұстау мерзімдері іс жүзінде сақталмайтын болса, онда Конституциялық соттың 2026 жылғы 10 маусымдағы нормативтік қаулысы кім үшін қабылданды?" деген сауал қойды.