Дина Таңсәрі халықтың эмоциясын ақшаға айналдырды — қоғам белсендісі

Қаракөз Амантай 16 сәу. 2025 10:01 325

Белгілі құқық қорғаушы, "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Черногорияда ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасы бұл ақпаратты растады. Оған қарсы алты бірдей қылмыстық іс қозғалып, алаяқтық, жеке өмірге қолсұғушылық және жалған ақпарат тарату баптары бойынша күдікке ілінді.

Бұл жайт қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әсіресе, әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген азаматтар аталған оқиғаға өз көзқарасын білдіре бастады. Солардың бірі – BasQaru қорының жетекшісі, заңгер Марғұлан Ермағанбетұлы. Ол бұл істің саяси астары жоқ екенін айтып, мұны “қайырымдылық атын жамылған қаржылай айла” деп бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеуге не себеп болды?

Тергеу деректері бойынша, 2023 жылдың көктемінде Таңсәрі Өскеменде кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны жөнінде жалған ақпарат таратқан. Бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырып, қайғыға ортақтасқан жұртшылық оның бастамасымен адвокат жалдауға деп арнайы қаражат жинай бастаған. Қорытындысында 20 миллион теңгеден астам қаражат жиналғанымен, сотта анықталғандай, марқұмның отбасы адвокатты өздері жалдап, жиналған қаржы мүлде басқа мақсатқа жұмсалған.

Тағы бір істе Таңсәрі кәмелетке толмаған зорлық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинаған. Алайда тергеу бұл оқиғаның ойдан шығарылғанын, ал жиналған қаражат оның күйеуінің жеке есепшотына аударылғанын айғақтаған.

Белсенді кейін шетелге шықса да, қайырымдылыққа деп қаржы жинауын тоқтатпаған. Қазіргі таңда жеті адам құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, өздерін алданғандарын айтқан.

Сот шешімі мен экстрадиция мәселесі

Сот Дина Таңсәріні сырттай аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп танып, оны қамауға алу жөнінде шешім шығарған. Алайда Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция жөнінде келісім болмағандықтан, шетелдік тарап оны қайтарудан бас тартқан. Соған қарамастан, Бас прокуратура Динара Смайылованы қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Қоғам белсендісі не дейді?

Осы іске қатысты заңгер, қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы өз ойын білдірді. Ол Дина Таңсәрінің көпшіліктің эмоциясына әсер ету арқылы қаражат жинағанын айтады.

“Қоғамдық қор заң жүзінде тіркеліп, ашық есеп жүргізуі тиіс. Ал бұл жағдайда, қайырымдылықтың атын жамылып, эмоциялық манипуляция жасалған. Зорлық-зомбылық тақырыбы – адамзат тарихымен бірге келе жатқан ауыр мәселе. Бірақ оны біржақты, үстірт қарау – қоғамға шынайы көмектесу емес, керісінше сенімнен айырылуға бастайтын жол”, – дейді ол.

Ермағанбетұлының айтуынша, мұндай белсенділер мәселенің тереңіне бойламай, тек әйелдерге қатысты зорлықты көтеріп, қоғамға белгілі бір бағытта манипуляция жасайды.

“Егер шынымен көмектескісі келсе, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресер еді. Ал зорлықтың түп-тамыры – рухани дағдарыста, құқықтық сауатсыздықта жатыр. Олар болса көпшіліктің эмоциясын қозғап, “донат” арқылы пайда көруге тырысады”, – дейді ол.

Марғұлан Ермағанбетұлы бұған дейін Дина Таңсәрінің өзіне қатысты жалған жазба жариялағанын, ол арқылы оны ақпараттық шабуылға тартпақ болғанын еске салады. Бірақ ол заң шеңберінде жауап беріп, белсендіні ашық эфирге шақырған. Алайда Таңсәрі бұл ұсынысты қабылдамаған.

Белсендінің эфирден бас тартуын Ермағанбетұлы оның құқықтық білімінің таяздығымен және қазақ тілін толық меңгермегенімен байланыстырады.

“Бұл жағдай – саяси емес, таза қаржылай сипаттағы мәселе. Себебі қанша қаражат жиналды, қанша жұмсалды деген сұрақтарға нақты жауап жоқ. Мәселен, адвокатқа 5 миллион қажет десе, 20 миллион жинауы мүмкін. Бірақ оның есебі халыққа ұсынылмайды”, – деді қоғам белсендісі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар