Димаштың Астанадағы перформансы: әнші Путин агрессиясын тоқтатуға шақырды

Dalanews 20 жел. 2022 13:40 928

Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі болып отыр. Бұл туралы әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген елордадағы Орталық Азия медиафорумында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Сіздердің рұқсаттарыңызбен ең алғашқы кіріспе сөзімді М.Х.Дулатидің сөзімен бастағым келеді: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің».

Бейбітшілік – адамның ең ұлы, ең асыл құндылығы екені сөзсіз. Күллі әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі, – деді Димаш Құдайберген.

Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түскеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жылда, яғни 5 жарым мың жылда адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген.

– Бұл өкінішті жайт адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шегуде.


Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі боп тұр.

Біз неліктен мыңдаған жылдар бойы тату ғұмыр кешуді үйрене алмай келеміз? Осы сұрақ мені көптен бері мазалайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы адамзаттың ортақ мүддесі үшін неге біріге алмай келеміз? Сонда бізге не жетпейді? Жалпы арандатып, үгіттеушілердің құйтырқы әрекеттері арқылы ел мен елдің арасына сызат түсіріп, жауластырып, өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жандарды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуіміз керек? – дейді әнші.

Оның айтуынша, адам өмірін адам өлімімен құтқару – ойға қонымсыз, миға сыйымсыз нәрсе. Соның бәрін біле тұра, әлі күнге дейін нәсілге бөлініп, дінаралық соғыс, ұлтаралық келіспеушіліктер белең алған заманда өмір сүріп келеміз.

– Адамзат бұл өмірде емтиханнан өтіп жатқанын ұмытып, пенделік тірліктен, кеудемсоқ өркөкіректіктен арыла алмай келеді.

Шексіз амбициясымен соғыс бастап жүрген, өздерін ұлы санайтын кейбір держава басшылары басқа мемлекеттің ішкі тірлігіне араласып, оның қалай өмір сүруін неге шешуі керек? Олар құдай емес қой.

Мен өнер саласында қызмет етіп жүргендіктен, әлемнің көптеген елінде болдым, түрлі халықтардың мәдениетімен танысып жүрмін. Осы уақыт аралығында түсінгенім – халықтың жаманы жоқ, жаман ұлт деген ұғым жоқ. Тек сол уақыттың еншісіне көз жүгіртсек, осы күнге дейін сол халықтың ойын бұрмалап, өзінің арам пиғылын жүзеге асырып жүрген мемлекет басшылары ғана бар. Бұл шындық, – деді Димаш Құдайберген.


Әлемдік әнші мейірбандық, татулық, адамсүйгіштік, бейбітшілік сынды ұғымдарды ту ете отырып, адамзаттың бірлігіне арналған «Бір аспан тағдыры» атты туындысын жарыққа шығарған.

– Айтпағым, біз бәріміз нәсілге, ұлтқа, дінге, түрлі елге бөлінеміз. Бірақ біз бәрімізге ортақ Жер Ананың баласы екенімізді ұмытпауымыз тиіс. Бәріміз бір аспан астында тұрып жатырмыз. Ешбір қасиетті кітап адамды жаузыдыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды.

Дінаралық соғыстың қайдан туындап жатқаны мен үшін түсініксіз. Ересектердің қателігі үшін өскелең ұрпағымыз, сәбилеріміз зардап шекпеуі керек деп ойлаймын. Осы себепті біз дүрдараздыққа жол бермей, әрқашанда достаса алуымыз қажет. Адамзат пен әлемнің ертеңі бүгінгі біздің қолымызда. Біз бір үйдің, бір мекеннің, бір аспанның перзентіміз, – деді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы жұмысын бастады. Екі күнге созылатын форумда медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар