2026 жылы алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер саны айтарлықтай азайды. Егер 2024 жылы азаматтардың атына заңсыз 8,7 мың несие алынған болса, биыл бұл көрсеткіш 1,9 мыңға дейін төмендеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нарық жаңалықтары мәліметінше, кепілсіз тұтынушылық несие беруге қойылған шектеулер нарықтағы өсім қарқынына да әсер етті. Банктердің несие портфелінің жылдық өсімі 2025 жылғы тамызда 14,6 пайыз болса, 2026 жылғы тамызда 7,5 пайызға дейін баяулаған.
Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардан түскен 144,3 мың өтінішті қарады. Шағымдардың 48 пайызы банктердің, 33 пайызы микроқаржы ұйымдарының, ал 9 пайызы коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты болды.
Азаматтар көбіне берешекті қайта реттеу, банк шоттарының бұғатталуы, қаржылық алаяқтық және кредиттік тарихтағы мәселелер бойынша жүгінген.