Алматыда полицейді өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды

Алматыда полицейді өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды
Фото: ашық дереккөзден

Алматы полициясы 37 жастағы жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Материалдар сотқа жолдау мәселесін шешу үшін прокуратураға берілген.

Ulysmedia.kz мәліметінше, Ішкі істер министрлігі тергеудің 29 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру дерегі бойынша аяқталғанын растаған.

Марқұм полицейдің әріптесі күдіктілерге қатысты пікір білдірді

Ведомство тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтерді жарияламаған.

Оқиға 23 маусымда Алматы облысының таулы аймағында, Көкпек – Көктал – Кеген автожолының 52-шақырымында болған. Сол жерден малшы өртенген адамның денесін тауып алған.

Кейін марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеров екені анықталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс Алматыдағы пәтерлердің бірінде жасалған. Кейін ізді жасыру мақсатында марқұмның денесі қала сыртындағы таулы аймаққа жеткізіліп, өртелген деген болжам бар.

Іс бойынша полицейдің әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген.

Қазіргі уақытта іс прокуратураға жолданған. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.