Алматы облысында өртенген күйі табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сырт көзге тату, спортпен шұғылданатын әрі үлгілі отбасы ретінде көрінген Әлсеровтер шаңырағы бүгінде қоғамда үлкен резонанс тудырған істердің біріне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Stan.kz тілшісі марқұмның бұрынғы әріптесі, экс-полицей Жігермен (аты өзгертілген) сөйлесіп, күдіктілерге тағылған айыпқа қатысты пікірін сұрады. Атап айтқанда, әйел адам мен жасөспірім баланың ер адамды өлтіріп, денесін қолын байлаған күйі қаладан 250 шақырым жерге апарып тастауы қаншалықты мүмкін екені туралы сауал қойылған.
Жігердің айтуынша, Аслан Әлсеровтің жұбайы кезінде спортпен айналысқан. Ол Ішкі істер министрлігі жүйесінде күрестен жүлделі орындарға ие болғанын айтады. Сондықтан экс-полицей күдіктілерді әлсіз немесе қорғансыз адамдар деп сипаттауға келмейтінін жеткізді.
"Оның жұбайы кезінде спортпен айналысқан. Ішкі істер министрлігінің жүйесі бойынша күрестен жүлделі орындар алған. Сондықтан оларды әлсіз немесе нәзік адамдар деуге болмайды. Ал оларға тағылған айыпқа келсек, меніңше, мұның бәрі тергеу барысында дәлелденген", – дейді Жігер.
Бұрынғы әріптесінің сөзінше, марқұмды өзіне тиесілі Chevrolet Onix көлігімен алып кеткен болуы мүмкін. Ол осы іске қатысты жанармай сатып алу және жанармай құю бекетіндегі бейнекамера жазбалары туралы естігенін айтты.
"Естігенім бойынша, осы үшін 38 литр жанармай сатып алған, жанармай құю бекетіндегі бейнекамералар оларды түсіріп алған. Егер оны басқа адамдар өлтірсе, полиция қызметкерлері оның отбасын негізсіз айыптай қоймас еді", – деді экс-полицей.
Жігер қайғылы оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Оның пікірінше, балалар жанжал кезінде анасына араша түсуге тырысқан болуы мүмкін.
"Мүмкін, отбасында жанжал болған шығар. Балалары анасына араша түсуі мүмкін. Мысалы, ұлы жанжал кезінде анасын қорғауға тырысқан шығар. Мен Асланды өз басым сабырлы адам әрі кәсіби маман ретінде таныдым", – дейді ол.
Сонымен қатар бұрынғы әріптесі отбасындағы жағдайдың сырт көзге әрдайым байқала бермейтінін айтты. Оның сөзінше, кей адамдар үй ішінде озбырлық көрсетуі мүмкін, бірақ оны айналасындағыларға білдірмей, сырттай үлгілі отбасы болып көрінуі ықтимал.
"Дегенмен отбасында озбырлық көрсететін адамдардың көбі мұны сырт көзге білдірмейді. Сондықтан айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін", – деді Жігер.
Экс-полицей құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесіне де пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі тексеріс адамның ішкі психологиялық жағдайын толық анықтауға жеткіліксіз болуы мүмкін.
"Медициналық комиссия бәрін анықтайтын көрсеткіш емес. Ал психологиялық тестке, яғни кәсіби-психологиялық іріктеуге келсек, онда бір сұрақты он түрлі тәсілмен қайта-қайта қояды. Мысалы, "Егер ақша салынған әмиян тауып алсаңыз, не істер едіңіз?" деген сияқты қарапайым сұрақтар. Сондықтан бұл тестке толық сенуге болмайды. Меніңше, оны психикалық ауытқуы бар адамның өзі де өте алады", – дейді бұрынғы полицей.
Қазіргі уақытта Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталмақ.