Алматыда бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалы өтеді. Оның жүлде қоры - 94 400 000 теңге, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бәйгеге кімдер қатысады?
Алматы ипподромында 10 қазанда бәйгенің бірнеше түрінен 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалы өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Чемпионаттың іріктеу кезеңдері Қазақстанның жеті өңірінде - Қызылорда, Талдықорған, Екібастұз, Павлодар, Зайсан, Ақтөбе және Қостанай қалаларында ұйымдастырылған. Маусым бойы қатысушылар түрлі қашықта бақ сынап, Алматыда өтетін шешуші жарысқа жолдама алу үшін өзара мықтыны анықтаған.
Чемпионат бағдарламасына құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге, сондай-ақ, Қазақстанда туған жылқыларға арналған арнайы жарыстар енгізілген. Бәйгенің жалпы жүлде қоры - 94 млн 400 мың теңге.
Бәйгені кім ұйымдастырады, демеушілер кімдер?
Dalanews.kz редакциясына берген жауабында Бәйге федерациясы бәйге түрлерінен Қазақстан чемпионатын бесінші жыл қатар өткізіп келе жатқанын мәлімдеді.
Бәйгедегі жүлде қоры толықтай бас демеуші тарапынан берілетіні айтылды, ұйымдастырушылық шығындарды федерация және басқа да демеушілер (компаниялар) көтермек.
Іс-шараға Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті, Алматы қаласы әкімдігі әкімшілік қолдау көресетеді.