Дикий Арманның ісін қараған судья Асхат Әшірбеков жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әшірбеков Әскери соттың алқа төрағасы болып тағайындалды. Ол бұл қызметке 2025 жылғы 13 наурызда президент жарлығымен тағайындалған.
Асхат Әшірбеков 1981 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары ол Қарағанды облысының ішкі істер органдарында офицерлік құрамда түрлі қызмет атқарған (2002–2007 жылдар аралығында).
2007 жылдан 2010 жылға дейін Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының судьясы болып қызмет еткен. Одан кейін 2010–2018 жылдары аралығында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы болды. Сол кезеңде ол алқабилердің қатысуымен Ерасыл Аубакировтің Астанадағы өліміне қатысты атышулы істі қараған.
2018 жылдың қазанында Әшірбеков Алматы қалалық сотының судьясы болып тағайындалды. Екі жылдан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы болды. Асхат Әшірбековтің жалпы сот тәжірибесі 17 жылдан асады.
Еске салайық, 27 қаңтарда Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және азаматтарды ұрлап әкету бойынша айыпталып, сотталды.
Сот шешімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ысқақов – 15,6 жыл, Құдайберген – 8 жыл, топ мүшелері – 10-15,5 жылға, басқа қатысушылар – 1,5-7 жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.