Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) аналитикалық орталығы 2025 жылғы қыркүйектегі кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізген кезекті сауалнамаларының нәтижесін ұсынды. Оған сәйкес, сарапшылар айлық инфляцияның екпінге басуы (шілдеде 0,7% -дан тамызда 1,0%-ға дейін) және экономикадағы инфляциялық тәуекелдердің жоғарылығы (жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсімі, ұлттық валютаның әлсіреуі, бюджет шығыстары мен ҚҚС-тың өсуі, жаһандық нарықтардағы азық-түлік бағаларының өсуі) қазан айында монетарлық саясатты қатаңдатуға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Базалық мөлшерлеме
Сол себепті Ұлттық Банктің 10 қазандағы отырысында "базалық мөлшерлемені өсіру туралы шешім қабылданады" деп күтетін сарапшылардың үлесі бұрынғы 22% - дан 40% - ға дейін артты. Олардың айтуынша, қалған көпшілігі (60% vs. алдындағы 78%) мөлшерлеме бұрынғы 16,5% деңгейінде сақталады деп санайды.
Айта кетсек, базалық мөлшерлеме бойынша шешімге қыркүйек айындағы ТБИ динамикасы айтарлықтай әсер ететін болады. Сондықтан сарапшылардың бұл реттегі пікірі инфляцияға қатысты тың деректер жарияланғаннан кейін қазан айының басында айқындалып, тіпті өзгеруі де мүмкін. Сонымен қатар, бір жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша консенсус болжамы 15,25%-дан 15,5% - ға дейін жоғарылату тұрғысында қайта қаралды, бұл инфляциялық тәуекелдердің күшеюін және жүйеде жоғары мөлшерлемелерді сақтау қажеттілігін көрсетеді.
Инфляция
Айта кетейік, бір жылға арналған инфляциялық күтулер деңгейі 11,4%-ға (бұрын 11,3% болған) дейін өсті. Бұл ретте Ұлттық Банк 2026 жылы ТБИ 9,5-11,5% деңгейінде болады деп бажайлайды.
1 АҚШ доллары - 541,6 теңге
Жоғары мөлшерлемелер, ҚР тәуелсіз рейтингі бойынша S&P болжамының жақсаруы, Ұлттық Банктің шетел валюталары бойынша нетто-сатылымының өсімі және АҚШ Федеральдық қорының мөлшерлемені төмендетуі аясында резидент емес тұлғалардың қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сұранысының арту әлеуеті ұлттық валюта бағамына деген қысымды әлсіретуі мүмкін. Қазан айының басына қарай ұлттық валютаға шаққанда 1 АҚШ доллары 541,6 теңге шамасында болады деп күтіледі, ал жыл соңынай қарай бұл бағам 565,0 теңгеге дейін әлсірейді деп болжанады (алдыңғы болжамда тиісінше – 541,7 және 573,0).
Мұнай бағасы өзгеріссіз қалуы мүмкін
Бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі Федеральдық қор мөлшерлемелерінің төмендеу циклінің күтілуіне және ОПЕК-тің өндіріс көлемін ақырындап өсіруіне (қазан айынан бастап тәулігіне 137 мың баррель) байланысты 66,7 доллар (бір ай бұрын - 66,5) деңгейінде қалыптасады деп болжанады.
ЖІӨ көлемі төмендеуі ықтимал
Алдағы 12 айда шикізат өндірісінің ұлғаюынан, ұзақ мерзім қатаң қаржы саясатының сақталуы және негізгі сауда серіктестерінде ЖІӨ өсімінің баяулауынан болатын әсердің сарқылуына байланысты еліміздегі экономикалық өсім 4,8%-ға дейін баяулауы мүмкін (қазір - 6,3%).
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінің 2026–2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамы жобасын әзірлегенін жазғанбыз.