2035 жылға қарай Ұлттық қордың таза валюталық активтері 109,9 млрд долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство 2026–2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамы жобасын әзірледі. Құжат мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын қаржылық қамтамасыз ету көлемін айқындайды. Жоба аясында ұзақмерзімді дамудың үш нұсқасы қарастырылған: базалық, қалыпты және баламалы.
“Баламалы нұсқада 10 жылдағы орташа экономикалық өсім 5,1% деңгейінде, қалыптысында – 4,3% болады деп болжануда. Базалық нұсқада 10 жыл ішіндегі ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5% құрайды. 2035 жылы номиналды ЖІӨ 473,2 трлн теңгеге жетеді. 2026–2028 жылдарға арналған негізгі көрсеткіштер үш жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес келеді. 2035 жылы мемлекеттік бюджет кірістері 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды”, – деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Сонымен қатар 2029 жылдан бастап кепілдендірілген трансфертті 2 трлн теңгеге дейін төмендету жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін қысқарып, 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жеткізіледі.
Жұманғариннің айтуынша, макроэкономикалық және бюджеттік параметрлер болжамына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын қаржыландыру көлемі республикалық және жергілікті бюджеттердің шығындарын ескере отырып:
2026 жылы – 37,4 трлн теңге;
2027 жылы – 39,6 трлн теңге;
2028 жылы – 41,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылғы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде.