Доллар неге арзандап, евро неге қымбаттап жатқаны белгілі болды

Кәмшат Тілеухан 02 мам. 2025 15:01 362

Бірінші несиелік бюро еліміздің валюта нарығындағы сәуір мен мамыр айлары басындағы ахуалды талдап, көрініс тапқан жайттарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мамыр айының басында 1 АҚШ долларының ресми бағамы 512,34 теңгені құрап, 1 сәуірдегі жағдайдан 7,9 теңгеге немесе 1,6%-ға артты. 1 евро бағамы  сәуірдің басында 545,65 теңге болса, мамырда 582,07 теңгеге дейін өсіп, бір айда бірден құнына 36,42 теңге немесе 6,7% үстемеледі.

"Оның үстіне, айдың қорытындысы бойынша еуропалық валютаның нығаю қарқыны 2022 жылдың маусым айынан бергі ең айқын көрінісі болды (онда да бұл біз игерген 600 теңгеден қайта шегінгеніміз). Америкалық және еуропалық валюталардың әртүрлі динамикасының қазір доллар қын кездері бастан кешіп жатқанын байқата алады: инвесторлар президент Трамптың ерекше экономикалық қадамдарынан кейін елең-алаң күйде. Евро болса, керісінше, осындай дүдамал жағдайда күшейе түсуде, онда да қорғаныс активі сипатында", деп жазады Data Hub Telegram арнасында.

Ал, біздің нарықтағы жағдайларға келетін болсақ,бюро мәліметінше, теңгенің негізгі валюталарға қатысты әлсіреуі Ұлттық Банк тарапынан жасалған таза сатылымның аздап өскеніне қарамастан тіркеліп отыр: сәуірде - шамамен 1,1 млрд доллар, ал наурызда бұл көрсеткіш шамамен 998 млн доллар болды.

"Екінші жағынан, егер бұған валюталық кірісін сату міндеттелген квазимемлекеттік сектордың көлемін қоса есептесек (біршама төмендеген: 376 млн-нан 308 млн долларға дейін), онда бұл екі фактордың жалпы әсері сәуір айында өткен айдың деңгейінен сәл ғана көп болды деп айтуға болады", - дейді Data Hub сарапшылары.

Бұған дейін сайтымызда "1 евроның құны 600 теңгеден асты". Валюта нарығында не болып жатыр" деген материал жарияланған. Сондай-ақ сайтымызда "Теңге бағамы нығайып жатыр. Неге?" деген мақала жарияланған болатын. "Доллар енді бұрынғыдай болмайды, евроға үйрене беріңіздер - белгілі экономист" деген мақаланы да бізден оқи отырыңыздар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар