Доллар енді бұрынғыдай болмайды, евроға үйрене беріңіздер - белгілі экономист

Dalanews 22 сәу. 2025 10:01 459

Әлемдік нарықтағы доллардың қазіргі ахуалы көптеген елдің, оның ішінде Қазақстанның валюталық динамикасына елеулі ықпалын тигізуде. Экономист Бекнұр Қисықовтың пайымдауынша, қазір Қазақстанда евроның күшеюіне, ең алдымен, доллардың жаһандық деңгейдегі әлсіреуі мен еуроаймақтың экономикалық ахуалының жақсаруы себеп болып отыр. Ал доллар бағамы саналы түрде төменге "сүйретілуде". Бұған осындай стратегиялық шешім қабылдаған Трамп мүдделі көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Доллардың жаһандық сахнадағы әлсіздігі АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі жүргізіп жатқан протекционистік және автаркиялық саясатпен тығыз байланысты. Қисықовтың пікірінше, президент Трамптың кедендік баж салығын көтеруі, экономикалық оқшаулануы – АҚШ-тың экспорттық әлеуетін арттыруға, сауда балансын түзетуге бағытталған қадам. Әкімшілік доллардың бүгінгі құнын асыра бағаланған деп санап, оны "әділ" деңгейге түсіруге мүдделі. Сол себепті доллардың әлсізденуі кездейсоқтық емес, ол саналы түрде жасалып жатқан стратегиялық шешім.

"Осы тұста евроның күшеюі заңды құбылыс. Әсіресе, Германия экономикасы еуроаймақты алға сүйреп, нақты экономикалық өсім көрсетіп жатқанда. Ал АҚШ болса, көбінесе теориялық деңгейде әрекет етіп, нақты нәтижелерден гөрі стратегиялық мақсаттарды көздеп отыр. Бұл екі тараптың экономикалық саясаты арасындағы айырмашылық доллардың болашақта одан әрі әлсіреуін танытады", - дейді маман Digital Business-ке берген сұқбатында

Экономист АҚШ-тың сыртқы қарызы мәселесіне де тоқталып өтті. АҚШ облигацияларына инвестиция салу арқылы Жапония, Сауд Арабиясы сияқты елдер үлкен пайда тауып отыр. Іс жүзінде бұл – Америка өз есебінен басқа елдердің табысын арттырып отыр деген сөз. Трамптың да көздеп отырғаны – дәл осы жағдайды өзгерту. Алайда экономистің пікірінше, Трамптың әдістері біршама қарама-қайшылыққа толы. Оның саясаты XX ғасыр басындағы протекционистік әрекеттерді еске түсіреді, ал сол кезеңдегі осы тектес шешімдер АҚШ-ты Ұлы күйзеліске алып келген еді. Десе де, қазіргі әкімшілік бұл жолмен сауда балансын қалпына келтіруге тырысуда.

"Қазақстандағы доллар мен теңгенің арақатынасына келсек, мұндағы жағдайды толығымен Ұлттық банк реттеп отыр. Қазіргі уақытта салық төлемдері кезеңінде долларлық табысты теңгеге айналдыру міндеті бар, бұл - өз кезегінде теңгені тұрақтандыруға бағытталған қадам. Алайда бұл тұста көпшіліктің назарынан тыс қалып жатқан бір фактор бар – ол евроның қымбаттауы. Қазірдің өзінде евро бағамы 605 теңгеге жетті, ал бір апта бұрын ғана ол 580 теңге болатын. Бұл – евроның нығаю трендінің әлі де жалғасатынын аңғартады", - дейді экономист.

Қисықов бұл үрдістен жағымды жақты да байқаған: ол халықтың экономикаға деген қызығушылығының артуын атап көрсетеді.  Әсіресе, Трамптың саясатынан кейін тұрғындар арасында экономикалық сауаттылық деңгейі көтерілді. Бүгінде доллар инвестиция үшін сенімді актив ретінде бұрынғыдай қарастырылмайды. Инвесторлар евро, Швейцария франкі мен Британ фунты сияқты валюталарға бет бұра бастады.

"Алдағы кезеңде евро инвестиция үшін одан әрі тартымды бола бермек. Көптеген инвестор үшін евро қазірдің өзінде "қауіпсіз айлаққа" айналған. Бұған алтынның тапшылығы да ықпал етуде. Себебі нарықтағы алтын бағасы тұрақты түрде өсуде, бірақ банктерде алтын құймаларының тапшылығы байқалуда. Сондықтан инвесторлар қаржысын сақтайтын балама ретінде евроға басымдық беруде", - дейді ол.

Қорытындылай келе, экономист Бекнұр Қисықов алдағы уақытта да доллардың толық құлдырамайтынын, бірақ ақырындап әлсіреп, евроның өсімі жалғасатынын айтады. Бұл үрдіс еуроаймақтың экономикалық және саяси беделінің артуына тікелей байланысты болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар