Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы қызметі туралы сұраққа жауап беріп, қай қызметте болса да Мемлекет басшысы белгілеген реформаларды жүзеге асыруға үлес қоса беретінін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі кезеңде елдің дамуы үшін қоғамның бірігуі және реформаларды жүйелі түрде жалғастыру аса маңызды.
«Қай қызметте болсам да Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттарды жүзеге асыру жолында жұмысымды жалғастырамын. Әділетті Қазақстанды құруға, еліміздегі реформалар күн тәртібін іске асыруға өз үлесімді қоса беремін. Қазақстанның тұрақты әрі теңгерімді дамуына, еліміздің табысты, өркендеген, болашағы зор, әлеуметтік және демократиялық мемлекетке айналуына үлес қосуға бар күшімді саламын», – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.
Сенат спикерінің пікірінше, Қазақстанда атқарылатын жұмыс әлі де көп. Соның ішінде Президент бастамашы болған реформаларды толық жүзеге асыру басты міндеттердің бірі болып қала береді.
«Президентіміз бастамашылық еткен реформалар Қазақстанға қажет екеніне шын сенемін. Сол реформаларды толық жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет басшысының бастамалары мен жаңғыру күн тәртібінің төңірегінде бірігуіміз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мен де Президенттің реформаларын іске асыруға барынша пайдалы болуға тырысамын. Қазір бәріміз бірігіп, жұмыла жұмыс істейтін кезең. Еліміз үлкен емес, сондықтан әрқайсымыз Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанды құру жолында еңбек етуіміз керек. Атқарылатын жұмыс өте көп», – деді ол.
Еске салайық, 29 маусымда Сенат соңғы отырысын өткізді. Қолданыстағы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1 шілдеден бастап жаңа конституциялық модель күшіне енеді. Ал Ұлттық құрылтайдың жаңа құрамын сайлау тамыз айында өтеді.