Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде жеті кеншінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс сотта қарала бастайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс Жаңаарқа аудандық сотында судья Назарбек Күзенбаевтың төрағалығымен қаралады. Алғашқы сот отырысы 3 шілдеге белгіленген.
Айыпталушылар орындығында кәсіпорынның үш қызметкері отыр. Олар Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырды деген айыппен сотқа тартылып отыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде болды. Кен орнында опырылу салдарынан жеті жұмысшымен байланыс үзілген. Келесі күні олардың барлығының мәйіті табылды.
Кейін Үкіметтік комиссия апаттың негізгі себебі ретінде тау жыныстарындағы тектоникалық жарықтардан бөлінген метан газының жиналып, жарылыстан қорғалмаған электр жабдығынан шыққан ұшқынның әсерінен тұтанғанын атады.
Сондай-ақ комиссия желдету жүйесінің жеткіліксіз жұмыс істегенін, шахтадағы метан деңгейіне бақылаудың уақытылы жүргізілмегенін және жауапты тұлғалар тарапынан өндірістік қауіпсіздікке тиісті бақылау болмағанын анықтады.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында «Жомарт» кенішіндегі апатқа жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі екенін мәлімдеген болатын.
Қайғылы оқиғадан кейін ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, өндірістік қауіпсіздік мәселесін қатаң сынға алған еді.