"Астана концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде әлемдік жұлдыздардың концерт беруі елімізге қандай пайда әкелетінін айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол Дженнифер Лопес концерттерінің билеттері 40 минутта лез жоқ болғанын еске салды, оның 35%-ын шетелдіктер,яғни сырттан келетін туристер сатып алған.
"Ал "Backstreet Boys" концертіне келетін болсақ, билет бағасы 40 мың теңгеден басталады, сөйтіп санатына қарай қымбаттай береді. Ол арада 13 түрлі санат бар, яғни адамдар қалтасындағы ақшасына қарай орын таңдайды. Бізге билеттер бағасы қолжетімді сияқты. Тағы бір мәселе. Әрине, аншлаг болады. Сондай-ақ біз алыпсатарлармен де күресетін боламыз, бір қолға тек төрт билет босатылатын болады", - деп сендіреді ол.
"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-тың Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Әлішер Тұрсын Астанадағы Дженнифер Лопес концертінде 10 мыңнан астам, Алматыдағысына 8 мыңнан астам көрермен келеді деп күтіліп отырғанын жеткізді.
"Әлемдік тәжірибе, әсіресе Батыс Еуропа тұрғысынан алып қарастырсақ, 10 мың адамға арналған концерт орта есеппен шағын және орта бизнес үшін 1 миллион доллардан астам қосымша табыс әкеледі", – дейді ол.
Жалпы, Мәлік Хасеновтың айтуынша, жыл қорытындысы бойынша осы концерттерді ұйымдастыратын компаниялар тобы 1 млрд теңгеден астам сомаға салық төлейді.
"Астанадағы концерт бойынша 400 млн теңгеден астам. Бұл сома қайдан шықты дейсіз бе? Негізінен, 65%-дан астамы - жұлдыз гонорарынан бейрезидент үшін төленетін салық, ол Алматыдағы, сол секілді Астанадағы концерт үшін де төленеді және тиісінше мұндай салықты Backstreet Boys тобы да төлейді. Қазір тек шілде айы, жылдың ортасы ғана, сондықтан да алда ұйымдастырылатын осындай басқа іс-шаралар да болады, ол туралы кейінірек айтамыз, бірақ солардың барлығын қосқанда осы концерттерді ұйымдастырумен айналысатын компаниялар тобы жыл соңында 1 млрд теңгеден астам сомаға салық төлейді деп болжанады", - деп атап өтті "Астана концерт"компаниясының продюсері.
2025 жылдың 1 тамызында америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік туры аясында Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Алғашқы концерт елордадағы Astana Arena-да өтеді. Backstreet Boys алғаш рет 19 қыркүйекте Алматыда және 21 қыркүйекте Астанада өнер көрсетеді.