Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мен Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан мәлімдемелеріне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңбыршин елде жағдай жыл сайын қиындап жатқанын, атқарушы билік кризисті ауыздықтай алмай жатқанын айтты.
"Президент бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында және осыған дейінгі Жолдаулары мен өткізген жиналыстарында елімізді дамыту жөнінде талай тапсырмалар берді, ұтымды ұсыныстар айтты.
Бірақ елде экономикалық және әлеуметтік жағдай өзі айтқандай мәз емес. Оны халық та, билікте біліп отыр. Жағдай жыл сайын қиындауда, атқарушы билік кризисті ауыздықтай алмауда. Себебі Профессор Преображенский айтқандай "Разруха в головах" болып тұр. Бәрі кадр саясатының әлсіздігінен. Жаңаша ойлай алмайтын, шаблонды-стандартпен жұмыс жасайтын, олигополияның айтқанын шыға алмай солардың сойылын соғатын, жауапкершілікті мойнына алмай тапсырмаларды басқа біреуге ысыруға бейім, ешқандай айтарлықтай нәтиже көрсетпей билікте отырған, әсіресе көптен бері келе жатқан кадрларды ауыстырмай ештеңе өзгермейді.
Мемлекет басшысы "Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз", - деді. Өте дұрыс шешім. Сонымен қатар, ол кадрларға жұмыс жасау үшін саясат пен экономикада еркіндік беріліп және әр түрлі "топтардың" тарапынан қысым жасалмауы керек. Бір сөзбен айтқанда елде үлкен өзгерістер жасағымыз келсе, МЫҚТЫ КАДРЛАР билікке келуі керек. Оларсыз жобаның бәрі жоба күйінде қала береді!", дейді депутат.
Ал Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, Тоқаев кешегі үкімет отырысында нақты міндеттерді жүктеді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, атқарушы билікке, заң шығарушы органға және құқық қорғау саласына нақты тапсырма берді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.
Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық", дейді Бейсенбаев.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды.
Сонымен қатар, премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасады.