Депутат Тұрлыхановтың інісі мемлекетке 13,5 млрд теңге қарыз болып қалған

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2025 18:00 269

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың 54 жастағы ағасы Марат Болатұлы Тұрлыханов ресми түрде банкрот деп жарияланды. Бұл шешім 2024 жылдың 12 желтоқсанында қаржы басқарушысының есебіне сәйкес қабылданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.kz мәліметінше, Марат Тұрлыхановтың қаржылық қиындықтары «Тас Май Рисорсиз» компаниясымен тікелей байланысты. 2006 жылы бұл компания мұнай мен газды барлау және өндіру бойынша келісімшарт алған. Жобаны іске асыру үшін және қол қойылатын бонусты төлеу мақсатында компания «Казкоммерцбанк» арқылы 42,3 миллион АҚШ долларына дейінгі лимитпен несие желісін ашқан. Бұл қарыз бірнеше байланысты компаниялар мен жеке тұлғалардың атына рәсімделген, оның ішінде Марат Тұрлыханов пен С.К. Көшербаева бар.

2015 жылы аталған борышқа қатысты талап ету құқығы БТА Банкіне, ал 2017 жылы «Проблемалық несиелер қоры» акционерлік қоғамына өткен. Сол кезеңде «Тас Май Рисорсиз» компаниясының жалпы берешегі 12,2 миллиард теңгеден асқан. Бұл схемаға қатысқан кейбір компаниялар кейін банкрот болды – олардың арасында «Дом Казахстан», «ARINAS», «Ikan Global» бар. 2023 жылы «Тас Май Рисорсиз» те банкрот деп танылды.

Кейін заңды тұлғалар банкрот болған соң, қарыз міндеттемелері жеке тұлғаларға жүктелді. Осыған байланысты Марат Тұрлыханов өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінді. Ол берешегін өтеуге шамасы жетпейтінін алға тартты. Іс материалында оның 13,5 миллиард теңгеден астам берешегі бары, ал несие беруші ретінде «Проблемалық несиелер қоры» көрсетілген.

Марат Тұрлыхановтың айтуынша, оның атына тіркелген ешқандай қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлік жоқ, жұмыс істемейді, ал жалғыз табыс көзі – 370 мың теңге көлеміндегі еңбек сіңірген жаттықтырушы ретінде алатын зейнетақысы. Сол қаржыға үш адамды асырап отыр.

Ол берешекті сотқа дейін реттеуге тырысып, кредиторға хат жолдаған, бірақ осы кезде жеке сот орындаушы атқарушылық іс жүргізуді бастап кеткен.

Сот материалында Тұрлыхановтың «Даулет» кәсіби әйелдер клубындағы жарғылық капиталда 10 000 теңге көлемінде үлесі бар екені жазылған. Бірақ оның сөзінше, бұл үлестен ешқандай пайда түспеген. Кейін бұл үлес те сатылған.

Сот шешімімен Марат Тұрлыханов ресми түрде банкрот деп танылып, оған жаңа қаржылық міндеттемелер алуға және елден шығуға тыйым салынды. Қаржы басқарушысының қорытынды есебіне сәйкес, Тұрлыхановтың атына тіркелген мүлік, көлік немесе жер телімдері жоқ, сондықтан берешекті өтеу мүмкін емес. Осыған байланысты сот кредиторларға қарызды есептен шығаруды міндеттеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар