Депутат Қарағұсова: "Кедейлер? Біз олардың кредитін жабуға міндетті емеспіз"

Dalanews 10 нау. 2020 10:53 1002

Депутат Қарағұсова тұрмысы төмен халықтың несиесін мемлекет есебінен өтеуге қарсы шықты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның айтуынша бұл салықтөлеушілер мен бюджет үшін артық салмақ.

"Өмірімде екі рет кредитке кірдім, бұған әліге дейін өкінемін. Біреуінде - ипотека алдым, енді бірінде қолма-қол ақша қажет болды. Соған қарамай несиемді мерзімінен бұрын өтедім.  Бекерге жінігіппін.  Кредитімді несіне жаптым? Маған оны бәрібір кешіре салар еді...", – деді депутат Гүлжан Қарағұсова Мәжілістегі салық заңнамасы талқыланған отырыста.

Оның пікірінше тұрмысы төмен азаматтардың қарызын өтей отыра Үкімет халықты масылдыққа ұрындырып отыр. 



"Елбасымыз "халықты салық төлеуге үйрету керек, салықтан өзге Үкіметте басы артық ақша жоқ" деп әр кезде еске салып отыратын еді. Бүгінгі бюджет басы бүтін сіз бен біздің салығымыздан құралған. Мемлекеттің ақшасы", - дейді депутат.



Қарағұсова осы орайда АҚШ-ты алға тартып, бұл елде 2007 жылдан бері ешкімнің қарызы мен кредиті кешірілмегенін еске салды.

"Кредит алмай тұра, ойлан. Ақылға сал. Қайтарарыңа күмәнің болса кейін қайт. Ешкім сені мәжбүрлемейді.  Кредит алдың ба, қайтар.

Іс  жүзінде олар сіз бен біздің, салықтөлеушілердің есебінен күн көріп отыр. Мұндайға жол бермеу керек.


Біреулер маңдай тер, табан ақысымен адал еңбек етеді, салық төлейді екен...ал өзгелері осыған ортақтасады. Қазақстан азаматы ретінде мұндай саясатқа түбегейлі қарсымын", - деді депутат Қарағұсова.

Өткен жылы президент Тоқаев тұрмысы төмен азаматтардың берешегін өтеу туралы шешім қабылдаған.

Оның нәтижесі бойынша 554 мың адамға кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жалпы 115 млрд теңге кешірілді.

Несиелік қарыздарды кешіру бойынша өткізілген соңғы ақция тек келесі шарттарды ескере отырып қаралған болатын:

– көп балалы отбасылар, асыраушысынан айрылуына байланысты төлемдер алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толмай жатып ата-анасынан айырылған балалар;

– несие бойынша жалпы қарызы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспайтындар;


– негізгі борыш пен оған есептелген пайыздардан тұратын қайтарылатын қарыз сомасы 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспайтындар.

"ҚР ПӘ өтініштерді қарауды бақылау бөліміне қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін несие бойынша қарыздық жүктемені төмендету туралы өтініштер түсіп жатыр. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2019 жылы бұл шара бір реттік негізде өткізілгенін хабарлаймыз", – деген еді бұдан бұрын ҚР Президенті Әкімшілігінің Қоғамдық қабылдау комиссиясы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар