Депутат Еркін Әбіл: тарихи сабақтастықты Конституцияда бекіту – ұлт жадын қорғау

Ақтоты Жапатова 04 ақп. 2026 11:07

Мәжіліс депутаты Әбіл Еркін Қазақстанның жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық қағидатының ерекше мәнге ие екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл норма мемлекеттің мыңжылдық даму тарихын, ұлттық мәдени кодын және басқару тәжірибесін құқықтық деңгейде айқындайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуын тарихи сабақтастықты заңнамалық тұрғыда бекітудің нақты дәлелі деп атады.

– «Ұлы дала» ұғымы – эмоциялық немесе поэтикалық тіркес емес. Бұл – Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігін, мәдени кодын және жауапкершілік философиясын білдіретін нақты ұғым. Тарихи сабақтастық елдің өткенін, бүгінін және болашағын жалғайтын құқықтық көпір іспетті, – деді Әбіл Еркін.

Оның айтуынша, бұл ұстаным мемлекеттің терең тамырын, ұлттық дәстүрі мен өркениеттік сабақтастығын өз азаматтарына ғана емес, халықаралық қауымдастыққа да айқын көрсетеді. Сонымен қатар депутат тарихи сабақтастықты Конституцияда бекіту халықаралық тәжірибеге сай келетінін атап өтті.

– Қытай, Венгрия, Польша, Литва секілді мемлекеттер өз Конституцияларында тарихи сабақтастықты ұлттық егемендіктің негізі ретінде нақтылаған. Бұл ешқандай бөлінушілікке немесе артықшылыққа әкелген жоқ, керісінше, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтты, – деді ол.

Әбіл Еркін бұл норма қоғамды бөлмейтінін, керісінше ортақ тарих пен құндылықтар төңірегінде біріктіретінін айтты. Ол Әбіш Кекілбаевтың «Елдікті, бірлікті сақтайтын – адамдардың ортақ ойы мен ортақ мүддесі» деген сөзін мысалға келтіріп, тарихи сананың жас ұрпақ үшін де маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ депутат жаңа Конституцияда мемлекеттің унитарлы сипаты мен басқару үлгісі нақты айқындалғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл аумақтық тұтастықты, құқықтық кеңістіктің бірлігін және басқару жүйесінің айқындығын қамтамасыз ететін маңызды норма.

– Жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика» деп нақты жазылған. Бұл – тұрақтылық пен біртұтастықтың кепілі, – деді ол.

Сонымен қатар Конституцияның 3-бабындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деген норма да нақтыланған. Депутаттың пікірінше, бұл халықтың биліктің нақты субъектісі ретінде танылуын білдіреді және мемлекеттің заңдылығын күшейтеді.

Қорытындылай келе, Әбіл Еркін жаңа Конституцияны жаңа дәуірдің құқықтық қаңқасы деп атап, тарихи сабақтастық пен «Ұлы дала» ұғымы осы қаңқаны рухани мазмұнмен толықтыратынын айтты.

– Тарихына сүйенген, егемендігін қорғай білетін, біртұтас мемлекеттілікті бекіткен ел ғана болашағын нық құра алады, – деп түйіндеді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove