Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым баяндады. Оның айтуынша, құжат жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген. Заң жобасының басты мақсаты бір палаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізін қалыптастыру болып табылады.
Депутат өз баяндамасында Құрылтай ұғымының тарихи маңызына тоқталып, қазақ тарихында бұл институт халық билігінің бастауы болғанын айтты. Оның сөзінше, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер Құрылтайда қабылданған.
«Бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және қарапайым адамдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болды», - деді Сарым.
Сонымен бірге ол Қазақ хандығы кезеңіндегі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» секілді маңызды құқықтық құжаттар дәл осы Құрылтайда талқыланғанын атап өтті. Депутат қазіргі Құрылтай тарихи құрылтайдың көшірмесі болмайтынын айтып, оның жаңа заманауи заң шығарушы орган ретінде жұмыс істейтінін жеткізді.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар пропорционалды жүйе арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Айдос Сарым әлемде бір палаталы парламент жүйесіне көшу тенденциясы бар екенін айтып, мұндай модель заң шығару процесін жеңілдететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, заң жобалары бір жерде қаралатындықтан, жауапкершілік те нақты болады.
«Бұл саяси процесті қоғам үшін неғұрлым түсінікті етіп, Құрылтайдың жеке және партиялық жауапкершілігін күшейтеді», - деді депутат.
Құжатта Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, құрылымы, өкілеттіктері және Үкіметпен өзара іс-қимыл тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, парламенттік көпшілік пен оппозиция мәселелері де қамтылған.
Депутаттың айтуынша, Құрылтай Қазақстан Парламентінің құқықтық мирасқоры болады. Егер заң қабылданса, ол 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осыдан кейін қазіргі Парламент туралы және оның комитеттері мен комиссиялары туралы заңдардың күші жойылады.