Депутат Еділ Жаңбыршин Шымкенттегі жағдайға байланысты пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2025 18:03 317

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл қылмысты «билікке жасалған қасақана шабуыл» деп бағалауға болады.

«Меніңше, бұл — мемлекетке тасталған ашық сын. Егер бұл шынымен тапсырыспен жасалған қылмыс екені расталса, онда бұл — билікке түкіргенмен бірдей, бұл — билікке ашық қарсы шығу. Себебі мен Берденовты адал, тәртіпті адам ретінде білемін. Онымен бірге жұмыс істедік, сөйлесіп те жүрдік. Осыдан 3-4 күн бұрын ғана белгілі бір мәселе бойынша пікірлескенбіз. Бұған дейін де сөйлесіп тұрғанбыз. Ол қалада тәртіп орнатқысы келген еді. Біреулерге бұл ұнамай қалды деп ойлаймын», – деді Жаңбыршин мәжіліс кулуарында.

Ол сонымен қатар бұл іс бойынша сот процесі ашық өтуі керек екенін айтты.

«Меніңше, ең алдымен тапсырыс берушіні табу керек. Сот ашық түрде өтуі тиіс деп ойлаймын. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін, барлығына сабақ болуы үшін», – деді депутат.

Жаңбыршин болжам жасау мен түрлі нұсқалар айту тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп, жапа шеккен тарапқа зиян келтіруі мүмкін екенін де атап өтті. Журналистер депутаттан осындай жағдайдан кейін жұмыс істеуге қорықпайсыз ба деп сұрады. Мәжілісмен бұл сұраққа жоқ деп жауап берді.

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. 

Берденов аңшы мылтығынан атылған оқтан жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.

Оқиға куәгерлерінің және құқық қорғау органдарының берген алдын ала мәліметінше, қала әкімдігіне қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкері Берденовке аңшы мылтығымен оқ атқан. Полиция күдіктіні оқиға орнында дереу ұстаған.

Қазір қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханада жатыр, оның жағдайы туралы нақты мәлімет әлі берілген жоқ.

Құқық қорғау органдары оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты Шымкент полиция департаменті, Ішкі істер министрлігі мен «Respublica» партиясы ресми пікір әзірлеп жатыр. Айта кетейік, Руслан Берденов осы партияның мүшесі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар