Депутат Бейсенбаев халықтың "Nur Otan-ға" деген сенімінің арту себебін айтты

Dalanews 29 жел. 2021 08:57 757

Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев «Nur Otan» партиясының нәтижелі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі партияішілік сайлау мен қоғамдық кеңестердің жұмысы екенін атап өтті.

Естеріңізге салсақ, 22 желтоқсанда «Nur Otan Trends» пікірталас алаңының кезекті жиыны өткен болатын. Кездесу барысында сарапшылар қазақстандықтардың басты бағдарына айналған Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын талқылап, Қазақстандағы өзекті қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікір алмасты.

«Қоғамдық қабылдауларда 160 мыңнан астам қабылдаулар өтті. Оның 98 пайыздан астам мәселесі шешілді. 2020 жылдың басты жаңалығы – ол праймериз болды. Қандай мәселелер халықты мазалайтынын праймериз кезіндегі кездесулер арқылы көз жеткіздік. Соның қорытындысы ретінде үлкен сайлауалды бағдарламасы жасалды», – деді депутат Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ, депутат партияның 20 жылдағы қызметінің қорытындысына кеңінен тоқталып, Елбасының мына сөздерін тілге тиек етті: «Елбасының жақсы бір сөзі бар: «Бас партия болу деген, ол тек қана басқару емес, ол халықтың мұң-мұқтажына, халықтың үніне құлақ асып, соны іске асыру».

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын жүзеге асырудың маңыздылығын, олардың халық пен ел үшін сындарлы мәнін атап өтті.

Пікірталасқа қатысқан ҚСЗИ директорының орынбасары А.Жолдыбалина Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізетін түрлі зерттеулердің салыстырмалы талдауы партия жұмысының тиімділігі мен халықтың билік институттарына деген сенімінің артқаны туралы дәлел бола алады деді.

Ол бұл туралы ойын «Халықтың билікке, билік институттарына деген сенімі негізгі индикаторлардың бірі болып табылады. Біздің институт барлық әлеуметтік зерттеулерге жүйелі түрде талдау жүргізеді және негізгі тұжырымдар ұқсас. Қазақстандықтар арасында қоғамдық институттарға деген сенім жалпы трендке айналып, өсіп келеді. Мұның себебі қоғамдағы сапалы өзгерістерге, мемлекеттің балаларға, әйелдерге деген қарым-қатынасына және т.б. байланысты», - деп нақты айтты.

Сондай-ақ, А.Жолдыбалина Елбасы ұсынған негізгі бағдарлардың аспектілері жөнінде былай деді: «Жалпы елдіктің жеті тұғыры – бұл үлкен идеологиялық конструкт. Осы бағыттардың аясында жеті киелі құндылықтарды сақтап қалу, дамытуда қазақ қоғамының бірлесіп жұмыс атқаруы маңызды».

Сарапшының пікірінше, қазақстандық жастарда прагматизм басымдығы байқалады.

«Бұдан әрі оларда барлық нәрсеге прагматикалық көзқарас басым болады: мемлекеттік істерде, жеке табысқа жетуде, мансап жолында. Бұл шын мәнінде құндылықтар басымдығының өзге иерархиясына жүгінетін жаңа буын болады», - деді сарапшы А.Жолдыбалина.

#NUROTANTRENDS: «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: «Елдіктің жеті тұғыры» - YouTube

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар