"Денесі суып кеткен". Салтанат мерт болғанын анықтаған жедел жәрдем қызметкері

Көркем Алдабергенова 08 сәу. 2024 17:17 1310

Бишімбаев ісі бойынша сотта тағы бір куәгер - жедел жәрдем қызметкері Нұрлан Мұхамбеденов сұрақтарға жауап беріп жатыр. Оның сөзінше, жедел жәрдем бригадасы қоңырау түскеннен кейін 8 минуттың ішінде келген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жедел жәрдемнің келуіне науқастың ес-түссіз және демалмай жатқаны себеп болған.

"Қасымда жүргізуші және көмекші Тұрлыбек болды. Мейрамханаға үшеуіміз кірдік. Мейрамханада бізді Байжанов күтіп алып, 2-қабаттағы vip-бөлмеге кіргізді. Онымен сөйлеспедік, бірден екінші қабатқа көтерілдік. Диванда көрпеше жамылып жалаңаш әйел жатты. Бірден тексеріске көше бастадық, жерге жатқызып, реанимациялық шаралар жасай бастадық", - дейді жедел жәрдем қызметкері.  

Осы сәтте Бишімбаев пен Байжанов сөйлесіп тұрғандықтан жедел жәрдем қызметкерлеріне кедергі жасаған. Дәрігер оларды бөлмеден шығып кетуді сұраған. 

"Көмекшімнен аппаратураны мониторға қосуын сұрадым, науқас бұл кезде ес-түссіз жатты. Тамыр соғысы байқалмады, тыныс алу және жүрек соғысы тоқтап қалған. Денесі суып кеткен, қарашықтары кеңейіп кеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған", - дейді дәрігер. 

Бұған дейін Бишімбаев Салтанатқа қандай дәріні не үшін бергенін айтқан болатын. 

Сонымен қатар,Нүкенованың ағасы сотта Бишімбаевқа сұрақ қойды.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.

Ал бүгін Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні не үшін көріпкелге хабарласқанын түсіндірді. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған түні жедел жәрдем шақырудың орнына хабарласқан көріпкел Шымкентте тұрады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар