Әйелін өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында сот отырысы жалғасып жатыр. Процесс барысында жәбірленуші тарап өкілі, яғни Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевқа сұрақтар қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотта Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан "қазір Салтанаттың денесі қайда екенін білесің бе?" -деп сұрады.
"Павлодар қаласында", - деп жауап берді Бишімбаев.
Артынша жәбірленуші тарап өкілі "нақты қайда?" деп сұрақты нақтылады. Ал Бишімбаев нақты қайда екенін білмейтінін айтты.
"Мен айтсам бола ма? Түсінсең, Салтанаттың денесі жер астында жатыр", - деді Айтбек Амангелді.
Сонымен қатар, Нүкенованың ағасы марқұм қарындасы соққылардан қалай қорғанын сұрады.
"Ол бұрылуға тырысты. Есімде жоқ (қолымен бетін көлегейледі ме - еск?)", - деді экс-министр.
Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.
Ал бүгін Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні не үшін көріпкелге хабарласқанын түсіндірді. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған түні жедел жәрдем шақырудың орнына хабарласқан көріпкел Шымкентте тұрады.
"Бизнеске қатысты сұрақтарға байланысты хабарласып тұратынмын. Оның медициналық білімі бар-жоғын білмеймін. Оған сенетінмін", - дейді Бишімбаев.
Сонымен қатар, экс-министр қайғылы оқиға болған түні неліктен басқа қалада жүрген көріпкелге хабарласқанын айтты.
"Сіз (адвокат - еск.) Салтанат медициналық көмекке зәру болып жатқанда дейсіз. Менің түсінігімде ол (Салтанат - еск.) ұйықтап жатқан болатын. Мен оған (көріпкелге - еск.) сенгенмін деп айттым. Бетінде сол жағында көгеріп тұрған жер үлкейе бастады. Ол қайдан шыққанын сұрайын дедім. Көріпкел "бәрі дұрыс, кешке дейін ұйықтасын, шаршаған ғой" деді", - дейді Бишімбаев.