Декларацияның төртінші кезеңі: Тоқаев бұл туралы не деді?

Сағыныш Сардарова 15 қар. 2024 17:30 317

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатқанын, мемлекет барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент азаматтардың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор екеніне тоқталды.

"Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет.

Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет", - деді Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III және IV кезеңдерінің күшін жою туралы петиция жарияланды. Онда табысының жартысынан көбі тек ішер асына кететін қара халықты бос әуреге салмай, декларациялаудан босату сұралады.

"Сондықтан халықты жаппай декларациялауға тартуға негіз жоқ. Тапқан табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайтын, оның үстіне несиеге әбден белшесінен батқан қара халықты декларациялаудың не керегі бар...  Жалпы декларациялау талабы енгізілген қолданыстағы салық заңнамасында, керісінше, қоғамға түк пайдасы жоқ салық міндеттемелерін теріс пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар, тіпті салықтық жеңілдіктерді де қамтитын нормалар бар", - деп жазылған петицияда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар