Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Дариға Назарбаева кітап жазғаны туралы ақпарат тарады. Деректерге сүйенсек, 21 маусымда Назарбаеваның "Мои заслуги перед народом" атты кітабының жабық тұсаукесері де өткен. Желіде тарап кеткен ақпаратқа қатысты кітап дүкені өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кітапта Назарбаевтың тұңғышы Дариға Назарбаева өмірі мен еңбек жолы туралы, оған қоса Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жазғаны айтылады.
"Кітапта Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы өмірі мен жұмысы туралы естеліктерін бөлісіп, елдің дамуына қосқан үлесі туралы айтып, Қазақстанның болашағы туралы ой қозғайды. Меломан қандай да бір себептермен сайттан кітапқа алдын ала тапсырыс беруді алып тастады. Кітап әлі сатылымға шыққан жоқ", - деп жазды дереккөз.
"Меломан" кітап дүкені өкілдері мұндай кітап жоқ екенін, сатылымда да болмағанын айтты.
"Жақында әлеуметтік желілерде "Мои заслуги перед народом" кітабының сатылымы туралы жазбалар пайда болды. Мұндай кітап біздің сайтта немесе Marwin/"Меломан" желісінің дүкендерінде ешқашан сатылмаған. Біздің білуімізше, мұндай кітап жоқ", - деп жауап берді кітап дүкені.
Айта кетейік, бұған дейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітап жазған еді. Назарбаев кітабында екінші әйелінен туған балалары, Кәрім Мәсімов, Рахат Әлиев және өзінің туыстары туралы сөз қозғаған.