Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскен оқиғадан кейін алғаш рет ішімдікке тәуелділігі туралы мәлімдеме жасады. Спортшы бұл мәселемен күресіп жатқанын айтып, қоғамды мұндай жағдайды мазақ етпеуге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Данияр Елеусінов Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, соңғы уақытта өзіне бағытталған сын-пікірлерге жауап берді.
Боксшы Олимпиададан кейін алкогольге әуестене бастағанын жасырмай, бұл мәселенің оның өміріндегі күрделі сынақтардың біріне айналғанын айтты.
«Иә, мен оны мойындаймын. Олимпиададан кейін алкогольге тәуелділік пайда болды. Оның қалай басталғанын өзім де нақты түсіндіре алмаймын. Бұл күлетін нәрсе емес. Басынан өтпеген адам оны түсінбеуі мүмкін. Жас кезімде мен де мұндай жағдайларға жеңіл қарайтынмын. Бірақ өмірде әркім түрлі сынаққа тап болады. Қазір мен осы мәселемен күресіп жатырмын», – деді спортшы.
Елеусінов адамдарды өзгенің қиын жағдайын келеке етпеуге шақырып, кез келген адамның өмірінде ауыр кезеңдер болуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салайық, шілде айында Данияр Елеусінов Астанада мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылған болатын. Полиция мәліметінше, Toyota автокөлігін жүргізген спортшы бір сапар барысында бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болған.
Кейін сот шешімімен боксшы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Спортшы 29 шілдеде бостандыққа шықты.