Данияр Елеусінов қамауға алынды

Данияр Елеусінов қамауға алынды
ашық дереккөз

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сотта Елеусінов алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып 3 жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталған. 

Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу салдарынан жүргізуші:

- жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан;

- басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған;

- кейіннен Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым келтіріліп, материалдық шығын келтірілген. Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес боксшыда алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды.

Елеусіновтің әрекеті Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Бұл баптың санкциясы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді.

Сот отырысында Елеусінов өз кінәсін толық мойындаған. Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ.

ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Елеусіновке 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.