Дабыл жүйесі "үнсіз" қалды: бұған Нұрәли Әлиевтің қатысы қанша?

Dalanews 23 қаң. 2024 10:10 1684

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Нұрәли Әлиевтің компаниясынан жер сілкінісін алдын ала хабарлаудың жүйесін сатып алған. Бірақ, 1,1 миллиард теңгеге бағаланған жүйе кеше түнде «үнсіз» қалып, сыр берді деп жазады Dalanews.kz Nege.Aqsha телеграм арнасына сілтеп.

Жергілікті органның зілзала жайлы кеш құлақтандыруы елдің зәресін алғаны өтірік емес.

Бұл орайда 2022 жылдың жазында Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев (қазір жемқорлық үшін сотталған) TNS-INTEC компаниясымен 1 120 538 143 теңгеге келісім жасасқаны анықталып отыр.

Аталған компанияның негізін қалаушы – «Дәрмен Холдинг». БАҚ мәліметінше, оны экс-президенттің немересі Нұрәли Әлиев құрған.


Жеткізуші Төтенше жағдайлар департаменті мен Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына жойқын толқынның жақындағаны туралы сигнал жіберетін 28 станция салу керек болған.

Жүйе мобильді қосымша және сирена-дауыс құрылғылары арқылы тұрғындарды алдын ала хабардар етуі керек еді.

Себебі, бұған қазынадан қомақты қаржы бөлінген. 2022 жылға – 547 925 973 теңге. 2023 жылға – 572 612 169. Өткен жылдың қазан айында жеткізуші жұмыстың аяқталғаны туралы қорытынды актіні тапсырғаны да белгілі болды.

Көпшілікті «Осыншама шығынды қажет еткен жүйе неге істен шықты?» деген сауал мазалайды. Бұған Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев күтпеген жауап қатты.

«Жүйе жұмыс істеп тұр. Тек сирена 5,5 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде ғана қосылады. Кеше Алматыда 4-5 балл деңгейіндегі зілзала тіркелді. Сондықтан оны қосудың қажеті жоқ болатын. Ол жұрттың үрейін үдетеді», – деді ол.

Ал Премьер-министр Смаилов ел нақты ақпарат алмай, әбігерге түскенін сынға алды.

«Тұрғындардың 2-3-ші қабаттан секіруі олқылықтың дәлелі. Уақытында қимылдап, халыққа хабар беру керек», – деді Премьер-министр.

https://dalanews.kz/saraptama/98104-talaydy-taubesine-keltirgen-kun-ard

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар