Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларына бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің сөзінше, бұл - ата-аналар жиі көтеретін мәселелердің бірі. Өйткені жиынтық бағалау тапсырмаларын орындауға ата-аналардың араласуы жиілеп кеткен.
Жұлдыз Сүлейменова БЖБ мен ТЖБ бастапқыда оқушылардың білім деңгейін бағалау үшін енгізілгенін, алайда қазіргі жүйе күткен нәтижені толық бере алмай отырғанын айтты. Сонымен қатар, шенеунік жиынтық бағалау нәтижелері сатылуына қатысты дерек тексеріліп жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілуі қажет.
Министр дамыған елдердің көпшілігінде критериалды бағалау жүйесі қолданылғанымен, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізілмейтінін атап өтті. Осыған байланысты министрлік бұл бағалау түрлерін бастауыш сыныптардан алып тастау мәселесін талқылап жатыр.
Сондай-ақ, ол Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың БЖБ мен ТЖБ жүйесін енгізуге жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысына пікір білдірді. Министрдің айтуынша, бұл мәселені және жүйеге бөлінген қаржының жұмсалуын Жоғары аудиторлық палата мен өзге де уәкілетті органдар қарайды.
Оқу-ағарту министрлігінің бағалауынша, 2016 жылдан бері қолданыстағы білім беру стандарттары мен критериалды бағалау жүйесі күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан жүйеге қатысты сын-ескертпелер жиі айтылып келеді.
БЖБ мен ТЖБ тағдырына қатысты соңғы шешім биыл тамызда жарияланады.