2025 жылғы Ұлттық банктің алғашқы мәлімдемесі жарияланды. Реттеуші органның бұл жолғы мәлімдемесі соңғы айда белгілі бір тұрақсыздыққа ұшыраған валюта нарығына байланысты, деп жазады Dalanews.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеге дейін 2,5%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 262 млн-нан 254 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,3 млрд АҚШ долларын құрады.
"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін желтоқсанда 900 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 17%-ын немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді", делінген 5 қаңтарда таратылған Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарламасында.
Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
"БЖЗҚ-да валюталық активтер үлесі 2024 жылдың соңында 40%-дан сәл жоғары болды. Ұлттық Банк желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. 2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-қа валюта сатып алу жоспарланбады. Ішкі валюта нарығында шектеулі ұсыныс кезінде экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына жоғары сұраныс сақталды", - дейді реттеуші орган.
Сондай-ақ Ұлттық банк тұрақсыздық тудыратын ауытқулардың алдын алып, теңге бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу мақсатында және белгілі бір кезеңдерде шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін өздерінің желтоқсанда валюталық интервенция жүргізгенін нақтылайды. Сонымен айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 307,6 млн АҚШ долларын құрады.
"Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді", делінген хабарламада.
Бұған дейін елімізде валюта операциясын жүргізу ережелері өзгеретінін жазғанбыз. Оған сәйкес, валюта сатып алу кезінде заңды тұлғалар, резиденттер, егер бір жұмыс күні ішінде теңгемен сатып алынған шетел валютасының жалпы сомасы 50 мың АҚШ долларынан асса, сатып алу мақсатын көрсетуі және банкке валюталық келісімшартты ұсынуы керек. Сонымен қатар пайдаланылмаған валютаны кері сату туралы нұсқау берілуі тиіс. Егер жалпы сатып алу сомасы 50 мың АҚШ долларынан асатын болса, бұрын жасалған өтінімдер ескеріле отырып, барлық өтінімдердің жалпы сомасы есептеледі. Құжаттарды және кері сату нұсқауын ұсынбай, клиент бір операциялық күнде банк арқылы кез келген мақсатқа арналған 50 мың АҚШ долларына дейінгі валютаны сатып ала алады.