Бишімбаевтың адвокаттары қоғамға қысым жасап, экс министр ақталып шыға ма?

Көркем Алдабергенова 23 ақп. 2024 11:41 6448

Экс министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынованың сұхбаты күні кеше қоғамда қызу талқыға түсті. Сұхбатта адвокат Қуандық Бишімбаев марқұм әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірдім деп санамайтынын айтқан болатын. Сарапшылар мен Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді бұл сұхбатқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары «ЕлМедиаға» сұхбат берген болатын. Сұхбатта адвокат Назкен Құсайынова Бишімбаев  бұл жағдайды қайғылы жағдай деп бағалап отырғанын айтты.

«Ол әйелін аса  ауыр қатыгездікпен өлтірді дегенді мойындамайды. Ол әлі күнге дейін мұндай жайт болғанына сене алар емес.

Ол Салтанатты әлі күнге дейін жақсы көреді. Ол әлі күнге дейін оны мейіріммен есіне алады. Ұрды, аса ауыр қатыгездікпен өлтірді деген болған жоқ», - дейді Назкен Құсайынова.

Ол Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов  айтқандай марқұмның денесінде жарақаттар болмағанын айтады.

«Иә, көзінің асты көгерген шығар. Басы жарылған жоқ, ол миына қан құйылудан қайтыс болды. субдуральды гематомадан. 1 айдай созылмалы субдуральды гематома болған.  Бірақ біздің қорғауымыздағы адам – Қуандық Бишімбаев гематома пайда болғанын білмеді, салдарынан Салтанат қайтыс болған. Ол білген жоқ. Салтанат сау болған, олар араласатын, 8 қарашада кешкі тоғыздан таңға дейін сөйлесіп отырған. Бәрі дұрыс болған. Иә, аздап ұрсысқан, бірақ төбелескен жоқ. Ол әлі күнге дейін Салтанаттың мерт болғанына сенбейді, әлі күнге дейін жылап, өкінеді. Қатты шок жағдайында болды. Бірақ өзіне тағылған айыптармен келіспейді», - дейді Назкен Құсайынова.

Блогер Аида Жексен экс министрдің адвокаты берген сұхбатты көргенін және жиіркенішті сезімде отырғанын жеткізді.

«Бұл сұхбатқа дейін адамдар әділдік орнайтынына сенсе, қазір бұл үміт оты сөніп қалғандай. Ескі Қазақстан оралып, бәрі күштің, ақшаның, қысым көрсетудің арқасында шешілетіндей көрінеді. Мен мұны (сұхбатты) эмоционалдық қысым деп бағалаймын. Себебі кәсіби адвокаттар бұлай істемес еді», - дейді Аида Жексенова.

Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді адвокаттар қоғамда түрлі блогерлер, журналистер  арқылы алқабилер сотын дайындап жатқанын айтады.

«Әрине оның бәрі (сұхбатта айтылғандар) жалған екені анық. Кеше оқиға болған жердегі камера кадрларын бөліскенімді білесіздер. Бірақ бұл жантүршігерлік кадрлардың бер жағы ғана. (...) Жантүршігерлік кадрларды біз де, олар да (адвокаттар) көрді. Олар қазір неге оны теріске шығарып жатқанын білмеймін, түкке пайдасыз дүние. Ол материалдарды судья сотта да көреді. Олардың қазіргі ұстанымы – бұл істің негізі басқа нұсқасы барын көрсету, Салтанат басқа нәрседен қайтыс болғанын көрсету. Негізі сот-медициналық сараптама толық жасалды, қосымша сараптама жасалды. Олардың нұсқасы бойынша, Салтанатта қандай да бір созылмалы ауру болған немесе ол құлап түскен. Бірақ ол құлап түскен болса сот-медициналық сараптамада белгі болар еді, бірақ ондай ештеңе тіркелген жоқ. Жалпы айтқанда олар осы сұхбат арқылы алқабилер сотын дайындап жатыр», - дейді Айтбек Амангелді.

Еске салайық, атышулы оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болды. Салдарынан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Ал экс-шенді қамауда отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар