Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған бұрынғы ұлттық экономка министрі Қуандық Бишімбаевтің ісі 26 ақпан күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен болатын. Осы тұста көпшілік тарапынан "Сот Бишімбаевқа кешірім беруі мүмкін бе?", "Бишімбаевты ақтау науқанына" байланысты іс қалай жалғасын таппақ?" деген сұрақтар жиі қойылатын болды. Ал көптің көкейінде жүрген бұл ойға ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесі, құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен, яғни "Азаптау" және "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" баптарымен іс қозғалған.
Сонымен қатар дәл осы іс бойынша "Гастроцентр" орталығының директоры, әрі экс-министрдің бауырына қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр.
Қоғамның қызу талқысына түскен істі судья Айжан Құлбаева жүргізетіні белгілі болды.
Соттың қай тарапты ақтап шығатыны әзірге белгісіз. Алайда БАҚ беттерінде жарияланған ақпарттар көпшілікті сарсаңға салып, екі ойлы етіп қойғаны рас.
Себебі қазіргі таңда "Бишімбаевты ақтау науқаны" белсенді түрде жүріп жатыр. Ал күдіктінің әкесі Уәлихан Бишімбаевтың тарапынан жасалып жатқан мұндай әрекет экс-шенеуніктің жазадан жалтаруына немесе қандай да бір жеңілдік алуына көмектесер ме екен?! Бұл мәселеге байланысты заңгер Айгүл Орынбек Dalanews.kz агенттігінің тілшісі жолдаған сауалға жауап бере отырып, өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, резонанс тудырған аталмыш іс тікелей Президенттің бақылауында болғандықтан, күдіктінің жазадан құтылуы мүмкін емес.
"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Резонанс тудырған іс тіпті қоғам мен Президентіміздің тікелей қадағалауында. Сондықтан сот әділ үкім шығарады деп ойлаймын. Өз баласын ақтау мақсатында жасап жатқан науқанды дұрыс деп есептемеймін. Ата заңы бар елде - заң бәрінен жоғары болуы керек және оның орындалуын талап етіп отырмыз. Ауыр қылмыс орын алған жайттарда атақ, абырой деген рөл ойнамайды. Қылмыс орын алды, енді оған жазасын сот береді", - дейді заңгер.
Сонымен қатар ол Бишімбаевтың адвокаттары Назкен Құсайынова мен Лейла Рамазанованың айыпталушы тарапты ақтап жатқан әрекетіне байланысты жеке бағасын берді. Бұған дейін қорғаушылары күдіктінің уәжін айтып, оның кінәсін мойындамайтынын және Нүкенованың "субдуральды гематомадан" қайтыс болғанын алға тартқан еді.
"Біріншіден, гематома жайдан-жай пайда бола салмайды. Ұрып-соғып жатқан әрекеттерін желіден көрдік. Бұған сарапшылар нақты өз қорытындысын шығарады деп ойлаймын. Назарға алатын дерек, бұл оқиғада адам өлімі болды, оны жасыруға оқталу да - қылмыс. Өз жеке басын қорғап, қылмыстан қашып құтыламын деп, өз туыс-жақындарын да бұл қылмысқа араластырып, қылмыскер атандырғаны - тым өкінішті. Бишімбаевтың жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар да заң аясында анықталып және толыққанды дәлелденіп, сот үкімінде толық қамтылуы керек", - дейді Айгүл Орынбек.
Айтуынша бұл іс нақты дәйектер мен дәлелдерге байланысты қаралуы қажет.
"Тағы да шегелегім келеді, бұл істе ақпараттық шабуыл немесе БАҚ тарапынан жарияланып тарап жатқан түрлі материалдардың әсері емес, нақты бұлтартпас айғақ дәлелдерге сүйену қажет екенін ескерген жөн. Сондықтан, алып қашпа әңгіме немесе айыпталушы тарап адвокаттарының уәжі емес, нақты тергеу әрекеттері көрсеткен мәліметтерге сенген дұрыс. Әрине, мен бұл іске алаңдаушылық танытып отырған жұртшылықты жақсы түсінемін, себебі қазіргі кезде халықтың соттарға деген сенімі қалмаған. Бізде бәрі сатылады деп ойлайды, сондай ұғым қалыптасқан. Бірақ, уайымдаудың, алаңдаудың қажет жоқ. Себебі, бұл істі Президенттің өзі бақылауында ұстап отыр. Сіздерге айтарым, соттың үкімі заңды және әділ болатынына сенейік", - деп сөзін қорытындылады заңгер.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы "қатігездікпен өлтірді" деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болған.