2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл бастама еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясын дәріптейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді қабылдау барысында: «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттаймыз», – деген болатын.
Биыл мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға ұлғайып, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Осы орайда мектеп түлектерін білікті маман ретінде қалыптастыруда кәсіптік білім беретін оқу орындарының маңызы зор. 55 жылдан бері жұмысшы мамандар даярлап келе жатқан Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
Жұмысшы мамандықтарын дамытудағы жаңашылдықтар
– Бектұрған Сұлтанғалиұлы, биыл жұмысшы мамандықтарға басымдық берілуде. Колледжде қандай өзгерістер енгізілуде?
– Үкімет Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған республикалық жоспарды бекітті. Сондай-ақ 2025–2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялау Жол картасы қабылданды.
Жоспар 7 негізгі бағыт пен 70 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде:
- Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу;
- Кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру;
- Техникалық білім беру сапасын арттыру;
- Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру;
- Еңбек құқықтарын қорғау және сапалы жұмыс орындарын ашу.
Көптен күткен жаңалықтардың бірі – 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Бір студентті даярлауға бұрын 437 мың теңге бөлінсе, енді ол 912 мың теңгеге дейін артады. Сонымен қатар, студенттердің шәкіртақысы да екі есеге ұлғайды.
Колледжіміздің ұжымы еңбек нарығына қажетті кәсіби мамандар даярлауға бар күш-жігерін салып келеді. Теориялық және практикалық білімді тиімді үйлестіру арқылы дуальды оқыту жүйесін дамытып жатырмыз.
Заманауи білім беру және материалдық база
– Студенттерді кәсіби маман ретінде қалыптастыруда қандай бағыттарға назар аударасыздар?
– Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу зор жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін үздіксіз іздену, білімді үнемі жетілдіріп отыру қажет. Заманауи білім алу ол қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Жұмысшы мамандықтарының беделін көтерудегі 55 жылдық тарихы бар Алматы құрылыс-техникалық колледжі экономиканың құрылыс, жиһаз, энергетика, көлік салаларында білікті мамандарды даярлауда және қайта даярлауда білім беру қызметтерін сапалы ұсынып келеді. Инновациялық бағыттарға баса көңіл бөлу арқылы білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз етуде.
Колледж 1969 жылы құрылыс мамандықтары бойынша жұмысшыларды даярлау мақсатында құрылған. Қазіргі таңда 8 мамандық бойынша даярлаймыз, атап айтсақ, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, жиһаз өндірісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану, электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, жылжымайтын мүлікті басқару және архитектура.
Кәсіби маман тәрбиелеуде негізгі басымдықтарға тоқталсақ, сапалы білім беретін педагогикалық кадр, заманауи шеберханалар, әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылған. Колледж базасында шеберханалар әр мамандықты терең игеру үшін барлық жағынан қамтамасыз етілген. Оқу орны теориялық білімді 60% практикалық оқытумен тиімді үйлестіре отырып, дуальды оқытуды белсенді түрде дамытады. Осы тәсілдің арқасында біздің студенттер қажетті кәсіби дағдыларды игеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Әлеуметтік серіктестіктермен тығыз қарым-қатынас орната отырып, инвестиция әкелу арқылы колледжің материалдық-техникалық базасын нығайтуда жұмыс үздіксіз жүргізілуде.
Орта кәсіби білімнің артықшылықтары
– Жас мамандарды даярлауда колледждер мен жоғары оқу орындарының ерекшелігі қандай?
– Мамандарды даярлауда жоғары оқу орындарына қарағанда орта кәсіби білім берудің бірқатар ерекшеліктері бар. Бірақ, орта арнайы білім алу одан артық болмаса, еш кем емес. Атап айтар болсақ, біздің студенттер 9 сыныптан соң білім алуға келеді. 1-курста теориялық сабақ пен практикалық сабақ қатар жүреді. Колледжде 3 жыл оқудан кейін жасөспірімнің нақты мамандығы болады, яғни ол белгілі бір салада жұмыс істеу үшін қажетті білімдер мен дағдыларды толық меңгереді. Сонымен қатар, республикалық, халықаралық чемпионаттарда бой көрсетіп, өздерін кәсіби маман ретінде дайындайды.
Мысалы, жыл сайын студенттеріміз WorldSkills беделді кәсіби жарыстарында жоғары нәтиже көрсетіп, түрлі құзыреттер бойынша жүлделі орындарды иеленеді. Өткен жылы «WorldSkills Kazakhstan 2024» IX Республикалық чемпионатына қатысып студенттеріміз алтын, күміс, қола және медальон алып толық комплект жинады. «WorldSkills» әлемдік чемпионатында Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсеткен мақтаныштарымыз бар. Олар АҚШ-тың Кливленд қаласында «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі, Германияның Лар қаласында «Сантехника және жылыту» құзыреттіліктері бойынша өнер көрсетіп, әлемнің 10 үздік шеберлерінің қатарына кірді. Бүгінгі күнде өз таңдауларын жасап қалаған жұмыс орындарында қызмет етуде.
Польшада өткен халықаралық «EuroSkills Gdansk 2023» чемпионатында колледжіміздің студенттері екі құзыреттілік бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Францияда өткен 47-ші WorldSkills Lyon-2024 әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатының «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары" құзыреттілігі бойынша "ҮЗДІК МЕДАЛЬОН" иегері 4 курс студентіміз – Попов Михаил атанды.
– Студенттерді оқу бітірген соң жұмыспен қамту жағы қалай болып жатыр?
– Тәжірибеден өту барысында студенттеріміз өндіріс орындарында жақсы көзге түсіп, көп жағдайда сол кәсіпорында жұмыспен қамтамасыз етіледі. Алматы құрылыс-техникалық колледжінің түлектері барлық мамандықтар бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие. Германияның Лар қаласында «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша өткен Әлем чемпионатының қатысушылары Галиев Ришад және Абликимов Расул қазір ірі компанияда техникалық маман лауазымында табысты еңбек етуде. «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша колледжді бітірген бірқатар түлектеріміз Германияның Қазақстандағы «Кронес» компаниясында жұмыс істейді. Осындай мысалдар өте көп.
– Заман ағымына сай деп қандай мамандықтарды атар едіңіз?
– Заман мен ғаламның түрленуіне байланысты түрлі мамандықтар қатары бар. Бүгінде кәсіптік-техникалық бағыттағы мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Мысалға алсақ, кез келген мемлекеттің құрылыс саласына қарап, оның дамуына баға беруге болады. Жылдар ғана емес, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың, дәнекерлеушілердің, техникалық мамандардың, архитекторлардың қолтаңбасы қалған. Биікпен таласқан зәулім сарайлардың кірпішін қалап, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандарын қашанда заман ағымына сай деп атауға болады.
– Баланың қабілеті мен икеміне қарай кәсіп таңдаудың маңыздылығы қандай?
– Әр баланың қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдау өте маңызды. Жоғары білім алуға ұмтылыс дұрыс болғанымен, еңбекқорлық пен нақты кәсіби дағдыларды игеру де бағалануы керек. Орта кәсіби білімнің артықшылықтарын түсіну – қоғам үшін маңызды. Әр ата-ана баламен ақылдаса отырып, оның икемін, қабілетін ескеріп мамандық таңдаса екен деген тілегім бар. Әр отбасында еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихаттала отырып, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Меруерт РАЙЫМ