Биыл Жетісуда 321,9 мың метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Dalanews 13 мау. 2023 08:18 908

Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам  тұрса, соның 15 мыңнан астамы Талдықорғанда тіркелген. Осы жылы өңірде 321,9 мың метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистерге арналған брифингі кезінде айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкім өз баяндамасында 2022 жылы 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Ал биыл 321,9 мың метр пайдалануға беріледі, соның 50% немесе 166,6 мың шаршы метрі – бюджет есебінен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көп.

– Жалпы жыл соңына дейін 2975 пәтер беріледі, соның ішінде бюджет есебінен – 2542, жеке құрылыс салушылар есебінен – 233, демеушілер есебінен – 200 пәтер, соның ішінде Талдықорған қаласы бойынша – 1917 пәтер беріледі, – деді Бейбіт Исабаев.

Сол сияқты брифингіде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, көп балалы отбасылар үшін Талдықорған қаласында демеушілер есебінен 180 пәтерлік үш үй және 20 жеке тұрғын салынып жатқаны айтылды.


Оған қоса «Самұрық-Қазына» қоры да тұрғын үй мәселесін шешуге үлес қосуда. Мәселен, қор осы жылдың екінші жартысында Талдықорған және Панфилов ауданында 500 пәтерлік 8 көп қабатты үйдің құрылысын бастап, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылы 65 жеке тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Бейбіт Исабаев өңірдегі апатты үйлердің мәселесі де тоқталды. Оның айтуынша, биыл Ақсу, Кербұлақ аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында  232 пәтерді сатып алуға 2,8 млрд теңге қарастырылды.

Сондай-ақ Текелі қаласында, Сарыөзек ауылында 60 пәтерлік 2 үй салынып жатыр. Осылайша келесі жылы апатты үйлер мәселесі Жетісу облысында толығымен шешіледі.

https://dalanews.kz/aimak/90548-sozaqta-24-koshege-asfalt-toseledi

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар