“Бұл — төленбеген салық емес”. Рахымбаев BI Group-тың салық дауына қатысты түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 11 нау. 2025 10:15 602

BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахимбаев компанияға қатысты салық талаптарының мән-жайын түсіндіріп, мәселенің негізінен арнайы салық режимімен жұмыс істейтін мердігерлерге байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Даулы мәселелер біздің жеткізушілеріміздің қызметімен байланысты, қазір біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Біз жыл сайын салық тексерулері де қамтылған 20-25 тексеруден өтеміз. Сонымен қатар “Үлкен төрттікке” кіретін халықаралық компаниялардың аудитінен өтіп, Fitch рейтингімізді жоғары деңгейде ұстап келеміз”, – деді Рахымбаев.

Оның айтуынша, BI Group Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші жеке компаниялардың ондығына кіреді.

“Соңғы үш жылда біз шамамен 155 млрд теңге салық төледік, алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 250 млрд теңгеге дейін өседі", – деп қосты ол.

BI Group-тың негізін қалаушы компанияның ұзақмерзімді жоспармен жұмыс істейтінін, 30 жыл ішінде сенім мен абыройды басты қағида етіп ұстанғанын атап өтті.

Бұған дейін Қаржы министрлігі Bazis-A және BI Group құрылыс компанияларына сәйкесінше 4,6 млрд және 11,9 млрд теңге көлемінде салық салынатын табысты төмендету фактісі бойынша хабарлама жолдаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар