Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілерінің иелеріне ескерту жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол отандық тауарлардан бұрын импорттық өнімге басымдық беруге жол берілмейтінін айтты.
"Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалдау ақысы жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және "Атамекен" палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санатын, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар, премьер-министр қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдан қорғау қажеттігін атап өтті.
"Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар байқалады. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір: бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Қазақстанда жасалған" ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқан жүргізілуін қамтамасыз етсін", - деп атап өтті премьер-министр.