«Бұл – билік партиясын жұмсақ түрде қайта жүктеу әрекеті»: саясаттанушы «Әділет» партиясына талдау жасады

«Бұл – билік партиясын жұмсақ түрде қайта жүктеу әрекеті»: саясаттанушы «Әділет» партиясына талдау жасады
ашық дереккөз

Шығыстанушы-саясаттанушы Жанат Момынқұлов жаңадан құрылған «Әділет» партиясының саяси кеңес құрамына талдау жасап, бұл жобаны биліктің ескі партиялық модельден бас тарту әрекеті болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы бұрынғы партиялық жүйе, әсіресе «Нұр Отан» – AMANAT бренді қоғам үшін ескірген саяси символға айналған. Оның айтуынша, бұл атау Назарбаев дәуірімен, ауыр бюрократиялық аппаратпен және «декоратив саясатпен» тым тығыз байланысып кеткен.

Момынқұлов «Әділет» партиясының құрылуын жаңа саяси витрина қалыптастыру әрекеті ретінде бағалайды. Ол партияның аз уақыт ішінде құрылып, қысқа мерзімде 10 мың қол жинап, съезін өткізуі жай ғана саяси оқиға емес екенін атап өтті.

Саясаттанушы партия құрамында бұрынғы ықпалды шенеуніктер мен «саясаттың динозаврлары» жоқ екеніне назар аударған. Оның сөзінше, саяси кеңесте «мәңгі депутаттар», ауыр салмақты әкімдер немесе 2000-жылдардағы ескі элита өкілдері байқалмайды.

Есесіне құрамнан технократтар, цифрлық сала мамандары, қоғам белсенділері, жаңа бизнес өкілдері мен медиа саласының танымал тұлғалары көрінеді.

«Бағдат Мусин, Рауан Кенжеханұлы, Динара Зәкиева, Нұрбек Матжани және басқалардың болуы кездейсоқ емес шығар. Бұл қоғамға үміт болатын, бірақ ескінің жүгін арқаламаған “жаңа саяси элитаның” бейнесін көрсету әрекеті ме сонда?» дейді ол.

Момынқұлов бұл тұлғалардың ортақ сипаты ретінде олардың 40-50 жас шамасындағы, қалалық ортадан шыққан кәсіби буын екенін атап өтті. Сонымен қатар, олардың «Ескі Қазақстан» жүйесімен байланысы әлсіздеу деген пікір айтты.

Сонымен бірге сарапшы бұл жаңарудың қаншалықты шынайы екеніне күмән келтірді. Оның пікірінше, «Әділет» оппозициялық жобаға жатпайды және президент саясатына бейімделген жүйелі конструкцияға көбірек ұқсайды.

«Қаптамасы қаншалықты жаңа көрінгенімен, бұл табиғи саяси бәсекелес партиядан гөрі “жаңа әкімшілік таптың” партиясына ұқсайды», дейді саясаттанушы.

Ол билік қоғамда, әсіресе жастар арасында жаңаруға сұраныс барын түсінгенін айтады. Бірақ ескі партияларға деген сенімнің төмендеуі жаңа форматтағы саяси жоба қажеттігін туғызған болуы мүмкін.

Сарапшының пайымынша, «Әділет» партиясы – бұрынғы жүйені толық бұзбай, билік партиясын «жұмсақ түрде қайта жүктеу» әрекеті болуы ықтимал.

Момынқұлов партия құрамында даулы оппозиционерлердің, ультраұлтшылдардың немесе бақылаудан шығып кетуі мүмкін дербес саясаткерлердің жоқтығына да назар аударды. Оның сөзінше, жоба барынша есептелген: технократия, цифрландыру, әлеуметтік күн тәртібі және «сақ реформизм» бағыты байқалады.

Саясаттанушы әзірге басты сұрақ ашық қалып отырғанын айтады: «Әділет» шынайы саяси субъектке айнала ма, әлде қолмен басқарылатын саясаттың жаңа атауы болып қала ма?

«Әзірге бір нәрсе анық: бұл бұрынғы “Асар” жобасына ұқсамайды. Бірақ шынайы ашық саяси бәсекелестікке дейін әлі де ұзақ жол бар», деп түйіндеді ол.