Мұрат Бақтиярұлының айтып өткеніндей демократиялық құндылықтарға құрметпен қарайтын елдің түтіні түзу ұшады, өркениет көшінен қалыспайды. Халықтың демократиямен ілесе жүретін тұрмыстық игіліктерге қолы жетіп, билік пен халықтың дұрыс диалог орнайды.
«Әлемдегі 180-н астам елдерде мемлекеттік билік түрлері әралуан. (Монархиялық, супер президенттік, парламенттік, аралас т.б.) Бірақ бірнәрсе анық - мемлекеттік басқаруда тек демократиялық құндылықтарға сүйенген елдердегі халықтың тұрмыс дәрежесі жоғары болып келеді», – дейді сенатор.
Мұрат Бақтиярұлы соған орай Беларусьті сөз етіп, ол жақтағы ахуал авторитарлық жүйенің сауатсыз шешімінің кесірінен ушыққанын тілге тиек етіпті.
Сенатор осының алдында арнайы іс сапармен Белорусь жерінде болған.
«Бір емес, екі рет болдым. Табиғаты тамылжыған, орман-суға бай, жері өте құнарлы ел. Авторитарлық президенттік баскару үлгісіндегі ел болғандықтан колхоздың төрағасын орнынан алуға президент араласады. Европа құрлығында орналасқан ел үшін бұл абсурд», – дейді ол.
Айтуынша өзімен шекаралас Польша, Латвия,Литва елдеріне қарағанда Белорустің экономикалық дамуы анағұрлым артта қалған.
Себебі бүтін бір елдің басқару құрылымы тек бір адамның беделі мен көңіл күйіне сүйенген.
Сенатор түптің түбінде белорус халқы Европалық Одақ елдерінің толыққанды мүшесі болып , дамыған елдердің қатарына кіретініне сенемін.
Мұрат Бақтиярұлы осы орайда Қазақстан халқы да саяси өзгерістерге сусап отырғанын сөз етіпті.
Оның пайымдағанындай еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін толыққанды жаңарту керек.
“Мемлекеттік басқару салмағын Парламентке беру, Үкіметті парламент ғана жасақтау және отставкаға жіберу, Парламентке Үкіметтің жұмысын бақылау құқығын беру, жергілікті атқарушы органдардың дербестік құзіретін барынша кеңейту, ауыл, аудан, облыс орталығы болып табылатын қалалардың әкімдерін сол жергілікті тұрғындардың сайлауы арқылы жасақтау, сот билігін барынша дербестеу мен олардың мүшелерін сайлау арқылы жасақтау, сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесін бақылауға қатысамын деген барлық қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қатыстыру.
Әрине, мұның барлығы конституциялық реформа арқылы жасалуы тиіс. Бізде Азиядағы Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея , Малазия, БАЭ сияқты елдер қатарында болуына толық мүмкіндігіміз бар», – дейді сенатор.