«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 26 желтоқсанда Қазақстан аумағында ауа райы әртүрлі болмақ. Елдің басым бөлігінде аяз сақталып, бірқатар өңірде жел күшейеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Солтүстік және орталық аймақтарда қатты суық күтіледі. Астанада күндіз ауа температурасы –18…–20 градусқа дейін төмендеп, түнде одан әрі суытады. Желдің жылдамдығы 9–14 м/с, түнде екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Көкшетауда –22…–24, Қостанайда –18…–20, Петропавлда –20…–22 градус аяз болжанып отыр.
Қарағанды, Павлодар және Жезқазған қалаларында күндіз –10…–15 градус шамасында болып, температураның одан әрі төмендеуі күтіледі. Желдің жылдамдығы 9–14 м/с, кей жерлерде екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс өңірлерде салыстырмалы түрде жылы ауа райы байқалады. Ақтауда ауа температурасы 0…–2 градус болса, Оралда –6…–8, Атырауда –3…–5 градус шамасында болады. Желдің жылдамдығы 5–14 м/с.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста күн жылылау. Алматыда +3…+5, Талдықорғанда +2…+4, Тараз бен Шымкентте +1…+3 градус күтіледі. Алайда бұл өңірлерде де жел күшейіп, кей жерлерде екпіні 20–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ал Семей мен Өскеменде ауа температурасы –2…+1 градус аралығында болады. Желдің екпіні күндіз 20–23 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын ұстануға шақырады.
