“Банк ЦентрКредит” АҚ Қазақстанның банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында мемлекеттен алған қаржылай қолдауды толық көлемде және мерзімінен бұрын қайтарғанын жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Банктің Dalanews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, қаржы ұйымы 2017 жылы мемлекеттен 60 млрд теңге көлемінде қолдау алған. Бастапқы келісім бойынша бұл қаражатты 2032 жылдың қараша айына дейін қайтару көзделген.
“Банк ЦентрКредит“ АҚ Қазақстанның банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында мемлекет алдындағы берешегін 2025 жылы толық өтеді. Банк 2017 жылы мемлекеттен 60 млрд теңге көлемінде қолдауға ие болды. Алайда бұл қаражат келісімде көзделген мерзімнен бұрын толық қайтарылды”, – делінген банктің редакция сауалына берген жауабында.
Банк мемлекет алдындағы міндеттемесін үш кезеңмен орындаған. Атап айтқанда, 2024 жылдың желтоқсанында – 20 млрд теңге, 2025 жылдың сәуірінде – 10 млрд теңге, ал қалған 30 млрд теңге 2025 жылғы 11 тамызда қайтарылған.
Осылайша, “Банк ЦентрКредит” мемлекеттік қолдау аясында алған 60 млрд теңгені 2025 жылы толық қайтарып, мемлекет алдындағы берешегін мерзімінен бұрын жапқан.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік қолдау алған банктердің мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Жобаға сәйкес, мемлекеттен алынған қаражатты қайтару жөніндегі негізгі талап сақталады. Алайда қайтарылатын сомаға байланысты төлем мерзімін 3 айдан 12 немесе 18 айға дейін ұзарту көзделген. Қазіргі уақытта бұл түзетулер қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр.