БҚО-дағы бес баланың өлімі: өрттің неден шыққаны айтылды

Кәмшат Тілеухан 12 мау. 2025 15:37

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев БҚО-дағы бес баланың өліміне қатысты пікір білдірді. Ол өртке балалар ойыны себеп болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Өкінішке қарай, қайғылы оқиға болды. Ол кезде әкесі жұмыста болған, анасы есікті сыртынан жауып, дүкенге кеткен. Балалар ойнады ма екен, әйтеуір өрт шыққан", - дейді вице-министр.

Тұрсынбаев төтеншеліктердің әкімдік өкілдерімен бірге көпбалалы отбасылар, сол секілді осал топқа жатқызылатындардың шаңырағында болып, қауіпсіздік шаралары қамтылған-қамтылмағандығы тұрғысында ұдайы тексеріс жүргізіп тұратынын да нақтылады.

"Өткен қыркүйек айында сондай жұмыс жүргізілген. Ал бұл жағдайда көпбалалы отбасы бір ай бұрын басқа үйге көшкен болып тұр. Ал бұрынғы үйде өртке қарсы құрылғылар болған. Бертінде көшіп келгені қараусыз үй (тексеру тізімінде болмаған - шамамен) болған соң онда құзырлы мекеме өкілдері болмаған", - дейді өз саласына қатысты сұраққа ол жауап бере отырып.

Айта кетсек, 4 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында жер үй өртеніп, бір үйдің 5 баласы көз жұмған болатын. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аталған жағдайды өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Ол әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Батыс Қазақстан облысында болған қайғылы жағдай салдарынан көз жұмған бір үйдің 5 баласына мемлекет тарапынан 134 мың теңге жәрдемақы беріліп келгенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар