ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өткен брифингте халықтың әлеуметтік осал топтарын коммунальдық қызметтер тарифтерінің күрт өсімінен қорғау үшін қандай шаралар қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, елімізде жергілікті бюджет есебінен коммуналдық қызметтер төлемін төлеуге жұмсалатын шығыстардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй көмегі деген тетік жұмыс істеп тұр.
"Біз оны кезінде Үкіметтің әлеуметтік блогымен бірлесіп пысықтағанбыз. Отбасының жиынтық табысында коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар белгілі бір шектен асып кеткен кездегі айырманы мемлекет жабады", деп түсіндіреді Қанат Бозымбаев.
Егер коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ай сайынғы шығындар мәслихаттар мен әкімдіктер белгілеген отбасының жалпы табысының пайыздық шегінен асса, онда артылғаны жергілікті бюджет есебінен өтеледі.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің ай сайынғы төлемдер сомасы отбасының жалпы табысына қатысты белгілі бір шектен асатын жағдайларда көмек қарастырылады. Бұл шек еліміздегі өңірлерге қарай өзгеріп отырады: мәселен, Астана сияқты ірі қалаларда көрсеткіш 10%-дан астам болуы мүмкін, ал Атырау немесе Қызылорда сияқты өңірлерде одан төмен, шамамен 5-7% деңгейінде белгіленген.
Төлем мөлшері тұрғын үй алаңының нормативтеріне де байланысты. Егер үлкен отбасы үш бөлмелі пәтерде тұрса, өтемақы шығындардың толық сомасын құрайды. Егер бірнеше отбасы мүшелері ауданы 800-1000 шаршы метр болатын үлкен үйде тұрса, төлем белгіленген әлеуметтік нормалармен шектеледі.
Айта кетсек, әлеуметтік әмиян елімізде коронавирус кезінде жұмыссыз қалған ел азаматтарына 42 500 теңге тарату кезінде алғаш рет өзектілік танытып, ол 2020 жылы енгізілді. Бұған мемлекет тарапынан бөлінген жәрдемақы, көмек ақша секілді кез келген ақша келіп түсіп отырады. Мәселен, Сіз бір ауру түрімен ауруханада есепте тұрсыз делік әрі Сізге белгілі бір дәрі-дәрмек тегін берілуі тиіс. Бірақ тегін дәріні осы күнге дейін алып көрген жоқсыз делік. Бірақ ол оның берілмей жатқанын білдірмейді. Үкіметтен осы қаражатты алып, пайдаланып отырған басқа біреулер болуы ықтимал. Осы жағынан алғанда, әлеуметтік әмиян - ел азаматына бюджеттен берілген ақшаның нақты жеткенін, оның қайда жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік беретін құрал.