Бөлмеге тығылып, жылаған: Мәскеуде ер адам әйелін қызғаныштан пышақтап өлтірді

Бөлмеге тығылып, жылаған: Мәскеуде ер адам әйелін қызғаныштан пышақтап өлтірді
skmoscowgsu / MAX

Мәскеуде әйелін қызғаныштан өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, оқиға 5 тамыз күні ерлі-зайыптылардың пәтерінде болған. Күдікті әйеліне кемінде бес рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды.

"Ер адам ұсталды. Жақын уақытта ол тергеу амалдарын жүргізу үшін ведомство бөлімшесіне жеткізіледі. Ресей Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі, яғни "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады Мәскеу қаласы бойынша Тергеу комитеті.

Жас отбасы Мәскеуге Армениядан көшіп келген. 31 жастағы Ерванд жол жөндеу кәсіпорнында еңбек еткен. Оның 30 жастағы жұбайы Анаит та сол жерде жұмыс істеген.

Ерлі-зайыптылардың некеде бір баласы болған. Анаит бала күтіміне байланысты демалыста жүріп, баласын балабақшаға апарып жүрген. Алайда көршілер олардың Пятницкое тас жолындағы пәтерінен жиі айқай мен жанжал естілгенін айтқан.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің мәліметінше, ер адам жұбайының бос уақыты көп деп ойлап, оның басқа адаммен қарым-қатынасы бар деп күдіктенген.

"Ол күні бойы жұмыста жүретін. Жұбайы баласын балабақшаға апарғаннан кейін өзіне көп уақыт қалады деп ойлаған. Анаиттің өзі де жұмыс істегеніне қарамастан, қызғаныш жас отбасының қарым-қатынасындағы басты мәселеге айналған", – деді дереккөз.

Оқиға болған күні ерлі-зайыптылар таңертең Ервандтың ата-анасына барған. Олар да Пятницкое тас жолы маңында тұрған. Туыстарының үйінде көп отырмай, кейін өз пәтеріне қайтқан.

Жолда ер адам әйелін опасыздық жасады деп тағы да айыптай бастаған.

"Олар қызғаныш пен сатқындық туралы сөзден қайта жанжалдасқан. Әйел бөлмеге кіріп, есікті жауып, жылап отырған. Алайда күйеуі есікті бұзып кіріп, асүй пышағымен әйеліне бірнеше рет соққы жасаған", – деді құқық қорғау органдарындағы дереккөз.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам жұбайына кемінде бес рет пышақ сұққан. Әйел алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды.

Күдікті қылмыстан кейін жасырынбаған. Оқиға орнына тергеушілер мен криминалистер келіп, куәгерлерден жауап ала бастады. Күдіктіден жауап алынғаннан кейін бірқатар сот сараптамасы тағайындалады.