Болат Назарбаевтың алтын бизнесі кімнің атына өтті?

Dalanews 17 қаз. 2023 12:33 1220

Еңбек жолын совхозда слесарь-сантехник ретінде бастаған Болат Назарбаев алтын өндіру ісіне де тұмсық тыққан деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Жаңа Қазақстан орнағалы бері Бөкеңнің бизнес-империясы ыдырай бастаған. 2023 жылдың басында ол Eastern Gold компаниясының құрылтайшысы қатарынан шығып, кәсіпорын бизнес серіктесінің атына өткен.

Компанияның негізгі қызметі алтын өңдеу. Компанияның тарихы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен тығыз байланысты.

Серіктестіктің тарихына үңілсек, Eastern Gold-тың негізі 2018 жылдың қарашасында қаланған. Оның сол кездегі құрылтайшылары Раиса Байбақтиева, Гүлмира Сәрсембаева және Болат Назарбаевқа тиесілі QazIndustrial Trade компаниясы болды.

2022 жылғы деректер бойынша жарғылық капиталдың жартысы Р.Байбақтиеваға тиесілі болса, қалған төрттен екі бөлігі Г.Сәрсембаева мен Б.Назарбаевтың арасында бөліске салынған.

2023 жылдың 23 ақпанында Б.Назарбаев алтын өндіру бизнесінің құрылтайшысы қатарынан шыққан. Б.Назарбаев кеткеннен кейін бірнеше ай құрылтайшы болған Гүлмира Сәрсембаева да тізімнен шықты. Үш айдан кейін QazIndustrial Trade компаниясы жұмысын тоқтатты.



2019 жылдың күзінде Eastern Gold ЖШС Шығыс Қазақстан облысындағы Родниковое алтын кен орнының екі учаскесі (Родниковое және Белая Горка учаскелері) бойынша келісім-шартқа қол жеткізген.

Сондай-ақ, компания Абай облысының Көкпекті ауданында алтын айыру зауытының құрылысын бастаған. Бастапқыда оны 2020 жылы аяқтау жоспарланса, кейін мерзімі бір жылға шегерілген. Алайда фабрика әлі іске қосылмаған. Оның құрылысына Eastern Gold 800 млн теңге инвестиция салған. Зауыт Dore қорытпасының (алтын мен күміс қорытпасы) өндірісін жылына 150 келіге дейін арттыруға мүмкіндік бере алады. Бірақ серіктестіктің жоспары ауқымды болғанмен, одан түсетін салық сенімге селкеу түсіреді.

Биыл Eastern Gold мемлекет қазынасына небәрі 881 мың теңге құйғанының өзі біраз нәрсені айғақтап тұрғандай.

Естеріңізге сала кетейік, Болат Назарбаевтың үшінші әйелі бұл кәсіпорынды мүлікті бөлу туралы талап арызында көрсетіп, оны бірлесіп сатып алдық деп көрсеткен еді.


Серіктестіктің қазіргі иесі Раиса Байбақтиеваның анасы Гүлбану Пазылхайырова (суретте) ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі деген дерек бар.

2007 жылы ол «Ордабасы» корпорациясының» басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2012 жылы «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасының орынбасары, «Алматы электр станциялары» директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Сонымен қатар «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесін басқарды. Дәл осы компания Қарағанды ЖЭО-3-ке иелік етеді. Өткен айда осы мекемеде болған техникалық ақаудың салдарынан облыста блэкаут орын алып, жарық өшіп қалғаны есте.

https://dalanews.kz/zheli/94078-bolashaq-stipendiiasynan-bas-tartu-neg

https://youtu.be/BNzM7UG7zMU

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар