"Болашақ" бағдарламасына алғаш рет жас шектеуі енгізілді. "Болашақ" халықаралық стипендиясының іске қосылғанына 30 жыл толғанда бағдарлама ережелеріне маңызды өзгеріс енгізілді. Енді ғылыми тағылымдамаға үміткерлерге жас бойынша шектеу қойылады. Бұл туралы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін тағылымдамадан өтушілердің жасына ешқандай талап болмаған, зейнет жасындағы азаматтар да қатыса алатын. Алайда ғылым және жоғары білім министрінің жаңа бұйрығына сәйкес бұл талап қайта қаралған.
"Қазіргі ережеге сай ер адамдар 59 жастан, әйелдер 57 жастан аспауы керек. Бұл өзгеріс бекітіліп, қолданысқа енгізілді", – деді орталықтың өкілі.
Айта кетейік, "Болашақ" – Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған халықаралық білім беру бағдарламасы. Ол 1993 жылдың 5 қарашасында еліміз үшін басым бағыттарда мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында іске қосылған.