Қазақстанда алдағы уақытта тойлардың саны күрт азаюы мүмкін. Өйткені салық органдары осы бағыттағы қадағалауды күшейтпек. Тойханалар ғана емес, той жасайтын азаматтардың өзі де тексерілмек. Себебі тойға жұмсалатын ақша адам табысынан бірнеше есе көп екені, ешқандай тексерусіз де аян. Демек,бұл арада тойға жұмсалған ақша декларациясы талап етуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті мерекелік шаралармен байланысты ақша аударымдары бақылауға алынатынын ескерткен болатын. Енді мәселе бұдан да кең ауқымды қамтып, яғни тек ақша аударымдары ғана емес, тойға кеткен шығындардың өзі де сүзгіден өтуі ықтимал. Мұны жуырда Мәжіліс дәлізінде журналистер сауалына жауап берген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов растаған.
"Тексеру тек блогерлер мен танымал адамдарды ғана емес, қарапайым азаматтарды да қамтиды. Ең бастысы – шыққан шығын ресми табыстарына сәйкес келмесе, бірден күдікке ілінеді", – деп Azattyq Rýhy Біржановтың жауабын келтіреді.
Жалпы, қадағалау механизмі қарапайым. Егер азаматтың ресми түрде көрсеткен табысы жұмсаған шығындарынан бірнеше есе аз болса, салық органдарында сұрақ пайда болуы мүмкін. Әзірге, қандай соманың "күдік тудыратыны" немесе тексерістің қаншалықты қатаң болатыны белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: бұдан былай сән-салтанатпен өтетін үйлену тойлары, мерейтойлар және басқа да ауқымды шаралар тек қонақтардың ғана емес, мемлекеттік тексерушілердің де назарын өзіне аударатын болады.
Бұған дейін билік салықтық бақылаудың күшейетінін бірнеше рет ескерткен болатын. Мәселен, блогерлерді бір күнде аяғынан тік тұрғызғаны белгілі. Сол секілді енді кезек той-думанға келіп жеткен секілді.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Үкімет пен Ұлттық Банктің басты проблемасы - екі цифрға жақындап қалған инфляциямен күрес. Инфляцияға қатты ықпал етуші факторлардың бірі ретінде халықтың тым асыра несие алуы жатады. Осы жағынан алғанда, бұған шектеулер осы салық органдары тексерісі тұрғысында пайда болуы мүмкін. Тағы бір жағынан, мұндай тексеріс тойға деп несие алушылардың статистикасын да айқындайтын болады.